Сыр өңірінде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға өз деңгейінде назар аударылып отыр. Бұл бағытта аудандарда жаңашыл жобалар қолға алынуда. Облыстың оңтүстігінде орналасқан Жаңақорған ауданында көкөніс-бақша дақылдарын егуге көңіл бөлінді.
Биыл ауданда 37 781 гектарға егін егілген. Жалпы 460 шаруашылық құрылымы егін шаруашылығымен айналысады. Жергілікті «АгроСервис» ЖШС 20 гектар жерге қарбыз еккен. Негізінен күріш егетін қожалық төрт жылдан бері әртараптандыру бағытын ұстанып, бақша дақылдарының көлемін ұлғайту жұмыстарын жүргізуде.
– Қарбыздың «холлар» сортын химиялық қоспасыз, табиғи жолмен ектік. Биыл қожалық гектарына 50 центнерден өнім алды. Оны еліміздің басқа өңірлеріне және көршілес Ресейге экспорттауға мән беріп отыр, – деді «АгроСервис» ЖШС-ның өкілі Ерқұтты Байбосын.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дәурен Әбибуллаевтың айтуынша, егілген 2000 гектар бақшаның 55 гектары жиналып, әр гектарынан 240 центнерден өнім алынуда. Сондай-ақ, күтімге алынған 15 414 гектар ескі жоңышқаның бірінші орымы аяқталып, барлығы 46,7 тонна өнім жиналды. Ал егілген 3 151 гектар күздік бидайды жинау жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, жалпы облыс бойынша 19,6 мың гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілді. Бұған қоса, биыл әртараптандыру бағытында қосымша соя дақылының егіс көлемі 74, қант құмайы 221 гектарға ұлғайтылды.
«СБ» ақпарат