Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдап, оларды толғандырған мәселелерді, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл жолы жеке қабылдауға 14 адам келді.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу және жұмысқа орналасу мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі азаматтардың мәселелері жіті зерттелетінін, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді. Кейбір сұрақтар бойынша жауапты тұлғалар заң аясында түсіндірме беріп, шешу жолдарын ұсынды.
Атап айтқанда, 64 жастағы қала тұрғыны облыс орталығындағы Хангельдин көшесін жөндеп беруді сұрады. Бұл көшені жөндеудің жоба-сметалық құжаттары дайындалғаны және шілде айында жөнделетіні түсіндірілді.
Мүгедектер қоғамы ғимаратын күрделі жөндеу және қоғамға инватакси алып беруге қолдау сұраған облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Сиюовтың өтініші бойынша аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тапсырма берді. Басқарма басшылығы ғимараттың жағдайымен танысып, жөндеу жұмыстары мен қажетті автокөлік сатып алуды демеушілер көмегімен іске асыру мүмкіндігін қарастыруы тиіс.
Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі