Жағалау аймақтарынан 1,5 тоннаға жуық қоқыс шығарылды
«Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясының қорытындысымен облыстағы Сырдария өзенінде 12 дана көне ау құралы мен жағалау аймақтарынан 1,5 тоннаға жуық әртүрлі тұрмыстық қалдық шығарылып, өзен маңы тазаланды. Аталмыш акцияға төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі, «Халықаралық Аралды құтқару» қоры және еріктілер жұмылдырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров хабарлады.
-Жыл сайын наурыз және мамыр айларында республика көлемінде «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы ұйымдастырылады. Бұл акцияның негізгі мақсаты – су айдындарына негізсіз тасталған балық аулау құралдары мен жағалау аумақтарына жиналған қоқыстарды тазарту болып табылады. Жалпы тазалық жұмыстарына 587 табиғат жанашыры белсенді түрде қатысып, шағын көлемдегі 8 жүзу құралы жұмылдырылды. Осы акция барысында 19 тоннадан аса тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұдан бөлек, су маржандарының көбею мерзімінде «Уылдырық» табиғат қорғау акциясы да ұйымдастырылған болатын. Осы акция барысында 67 балық қорғау заңнамасының бұзу дерегі анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар Үлкен Арал теңізінде 31 шілдеге дейін, ал Кіші Арал теңізінде 21 маусымға дейін балық аулауға тыйым салынды. Ережеге бағынбаған азаматтар заң бойынша жауап тартылатынын ескертеміз, – деді Жанқожа Рамбердіұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі