Оқу жылын ерте аяқтаған мектеп басшысы жауапқа тартылады
Фото: ortalyq.kz
Оқу жылының соңы көпті тағы сергелдеңге салды. Соңғы қоңырау салтанаты кейінге шегерілгені өз алдына, қазір білім ошақтарында оқулықтарды жинау үрдісі басталып кеткен деп хабарлады turkystan.kz.
Almaty.tv хабарлағандай, мектепте кітап жинау басталып кеткен көрінеді. Бұл жайт кешелі бері әлеуметтік желіде қызу талқыда жүр. Ал үйдегі ата-ана мұны түсінбей дал. Сабақтың аяқталуына әлі алты күн бар. Сондағы «апта бойы балалар қалай оқиды, құр бос партада отырып қайта ма?» деп наразы.
– Кешеден бастап кітаптарын жинап жатыр. Енді жұма бойы не істейді? Бос жүре ме? – дейді қала тұрғыны Ризабек Қабдолов.
– Математика мен ана тілі пәндерінің кітабын алып қалды. Қалған кітаптарын өткізіп тастады. Осы екеуін ғана оқиды, болды, – деді қала тұрғыны Әйгерім Тоқбаева.
Бас қаладағы білім ошақтарының бірінде баласын күткен ата-ана көп. Жыл бойы оқыған оқулықтарын жинап, ұл-қызына ауыр болмасын деп өткізуге бірге келіпті. Осыған қатысты еліміздің Бас мұғалімі де ресми мәлімдеме жасады. Ғани Бейсенбаев кітап жинап жатқан мектептер анықталған жағдайда оларға шара қолданылатынын жеткізді.
– 31 мамырды қоса алғанда, сабақтар кестеге сәйкес оқу бағдарламасы бойынша өтуі керек. Қазір министрлікке келген шағымдардан көріп отырмыз, кейбір мектептерде оқулықтарды табыстау басталыпты. Ол дұрыс емес. Өйткені ереже, оқу процесі бұзылады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.
Министр өкілінің айтуынша, оқулықтарды жиып-теріп, демалысқа ерте қамданған жағдайда, тікелей мектеп басшысы жауапқа тартылады. Әкімшілік кодекстегі білім беру ұйымдарының ережесін ескермегені үшін шара қолданылады екен. Ал ата-аналар мұндай олқылықтың соңғы қоңырауды өзгерткеннен кейін болғанын айтады.
– Әрине, басым көпшілікке ұнамайтыны түсінікті. Ол солай болуы керек. Бұл шешімді қабылдар кезде халықтың арасында жақсы қабылданбайтынын білдік. Негізінде болашақты, білім сапасын ойлансақ, осы шешім керек. Қазіргі уақытта тиісті министрліктің өзінің құзыреттілігі бар, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
25 мамырда мектептерде думанға толы соңғы қоңырау салтанаты өтіп жататын. Оқу жылын тәмамдаған шәкірт пен ұстаз демалысқа шығып, мәре-сәре болатын сәт. Жылдағы дәстүрлі үрдіс биыл қайталанбайды. Енді күнтізбедегі бұл күн әдеттегі оқу күні болып қалып отыр.