Шиеліде тау тұлғалы Тауасар батырға құрмет көресітілді
Қазақ даласында елді қорғап, хас батыр атанса да есімі көмескіленіп, кейінгі ұрпаққа беймәлім болып кеткен батыр бабалармымыз баршылық. Алайда сан ғасырлар өтсе де олардың ел үшін еткен еңбегін әрқашан ұлықтап, қазақтың қазақ болуына қосқан ерлігін құрметтеу – бүгінгі ұрпаққа міндет. Есімін мәңгі ұлықтап, көпке үлгі етуге болатын осындай батырлардың бірі – Бағаналыдан шыққан Тауасар Тілекеұлы. Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында ел үшін еткен еңбегін өскелең ұрпаққа мұра ету мақсатында Тауасар батырдың атына көше берілді.
Тау тұлғалы батырдың өнегелі өмірі, іргелі істері мен ерен ерліктерін ұлықтауға арналған салтанатты рәсімге аудан әкімі Нұржан Ахатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, сондай-ақ еңбек ардагері К.Тәжіков қатысты.
Әуелі Тауасар батыр атындағы көшенің ашылу салтанатының алғы сөзі аудан басшысы Нұржан Сәбитұлына берілді. Аудан әкімі жиында барша тұрғындарды Тауасар Тілекеұлының атына берілген жаңа көшенің ашылуымен құттықтап, жаужүрек батырдың өмір жолын айтып, оның еткен ерен еңбектерін үлгі етті. Мұнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы Ақмая ауылынан шыққан Әбілқас Дәрібайұлының Тауасар батыр жайлы айтқан әңгімелерінен,шежіресінен сыр шертті. Осыдан соң еңбек ардагері Камал Тәжіков сөз алып, аудан халқын Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтап, өз тілегін жеткізіп, батасын берді. Салтанатты рәсім соңында даңқты батырдың құрметіне арналған ескерткіш тақта ашылып, гүл шоқтарын қою рәсіміне ұласты.
Тауасар батырдың ерлігін ұлықтау шарасы мұнымен аяқталған жоқ. Салтанатты кеш келесі күні Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде жазушы-драматург, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Бағаналы батыр – Тауасар» атты тарихи пьесасымен өз жалғасын тапты. Аталмыш пьесаға өнер майталманы Сұлтанәлі Балғабаевтың өзі арнайы келді. Сондай-ақ қойылымға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, қоғам қайраткері Дайрабай Ысқақов, «Бағаналы» қоғамдық қорының төрағасы Серік Тұрдалыұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил қатысты. Бұдан бөлек Астана, Алматы, Ұлытау, Түркістан, Шымкент, Қостанай сынды өңірлерден келген делегация спектакльге арнайы шақыртылды.
Ең әуелі аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөз сөйлеп, тау тұлғалы батырдың Қабанбай батырмен теке тіресіп жауға шапқанын тілге тиек етіп, оның өнегелі өмірі бүгінгі ұрпаққа үлгі екенін айтып, өз ықыласын жеткізді.
Мұнан соң «Бағаналы батыр – Тауасар» атты пьесасының примьерасы өтті. Спектакльді Шиелі ауданының «Халық» театры сахналап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Мәдениет майталманы Зүлфия Шалабаеваның режиссерлік етуімен қойылған қойылым еліміздің әр өңірінен келген делегацияның да көңілінен шықты. Ал аталмыш пьесаның авторы Сұлтанәлі Балғабаев «Халық» театры өнерпаздарына қойылым мен театр ұжымының мінсіз шеберліктері үшін өз алғысын білдірді.
Содан соң «Бағаналы» қорының төрағасы Серік Тұрдалыұлы Сұлтанәлі Балғабаевқа салт-дәстүр бойынша шапан жауып, қаржылай сыйлық табыстады. Спектакль соңында Қостанай қаласынан келген делегация өкілі Асқар Қойгелдинов сөз сөйлеп, Шиелі жұртшылығына өз алғысын білдірсе, айтыскер ақын Кенжебай Жүсіп театр әртістеріне рақметін айтты.
Қойылымнан соң «Астана» мейрамханасында Тауасар батырдың рухына арналған ас беріліп, Құраннан дұға бағышталды.