Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру үшін 70-тен аса арнайы зерттеу жүргіздік – Әлихан Бәйменов
Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру үшін 70-тен аса арнайы зерттеу жүргізілген. Бұл туралы шетелдік сарапшылардың қатысумен елордада өтіп жатқан «Мемлекеттік қызметтің үш тағаны: Меритократия. Адалдық. Инновациялар» конференциясында Астана мемлекеттік қызмет хабының басшысы Әлихан Бәйменов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана мемлекеттік қызмет хабы халықаралық деңгейде тәжірибе және білім алмасу орталығына айналды. Ол басында аймақтық деп құрылғанымен, қазір жаһандық орталық ретінде танымал. Біз 70-тен аса арнайы зерттеулер жүргіздік. Енді солар Үкіметке мемлекеттік қызмет саласындағы түрлі мәселелерді шешуге көмектеседі деп сенеміз. Мемлекеттік қызметті жетілдірудегі проблемалар тек Қазақстанда ғана емес, барлық елде бар», - деді Әлихан Бәйменов.
Оның айтуынша, әсіресе пандемия кезінде мемлекеттік қызмет жетілдіруді талап ететіні айқын көрінді.
«Бұл уақытта қарапайым халық Үкіметтен жүйелі, әділ әрі батыл шешімдер қабылдауды сұрады. Сондықтан Үкіметке осы саланы дамыта түсу қажет болды. Бұл орайда халықаралық тәжірибені басшылыққа аламыз. Өзге елдерде бар жүйелерді, шешімдерді өзіміздің еліміздің мүмкіндігін ескере отырып, енгізуге тырысамын. Ол үшін Астана мемлекеттік қызмет хабы шетелдік тәжірибеге зерттеу жасап, ұсыныстар әзірлейді», - деп түсіндірді Әлихан Бәйменов.
Аталған саладағы мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын ұсынуға арналған конференцияға 30 елден сарапшылар жиналды. Олар 19 мамырға дейін мемлекеттік қызметті жаһандық тенденцияларға сай үнемі дамыту туралы ойларын ортаға салмақ.