Мектептегі бала тәрбиесі: Біз нені ұмыттық?
ЮНЕСКО-ның мәліметінше, жыл сайын әлемде 246 миллион бала мен жасөспірім қатарластарынан қағажу көреді. Әлі жеткендері әлсізге әлімжеттік жасайды. Күштілері қорғансызға күн көрсетпейді. Бұл қатарда қазақстандық жасөспірімдер де бар.
Елімізде соңғы уақытта қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдер саны жыл сайын 1500-ден асқан. Ал биылғы 3 айда бұл тізімді 376 жеткіншек толықтырып отыр. Олар жасаған қылмыс түрлері тіптен сорақы. Адам өлтіру, тонау, озбырлық.
Жақында ғана қоғамды дүрліктірген Қазалыдағы қатарласын жабылып тепкілеп жатқан жасөспірімдердің азғындық әрекеті, Өскемендегі топ құрып алып, өрімдей қызды аяусыз сабап жатқан жеткіншектердің жиіркенішті әрекеттері, Алматы облысында екі бірдей жасөспірімнің әлімжеттік құрбанына айналғаны – бүгінгі дабыл қағып сөйлеуіміздің негізгі себебі. Осы іспеттес оқиғалардың қаншасы жабулы қазан күйінде қалып жатқаны бізге беймәлім. Белгілісі, әлгіндей оқиғалардың көбі 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында орын алып жатқаны.
Ұлттық тәрбиемізде «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» дейді. Мұнда үлкен тәрбиелік мән жатыр. Баланың дамып, жетілу кезеңінде неге көңіл бөлу керегі айтылған. 15 ¬жастан асқан бала басқа адамдармен пікір алмасып, кеңестерін, ойларын орташа шығарғысы келеді. Демек, бұл кезеңде балаға психологиялық қолдау керек. Қолдауды балаға ең бірінші кім көрсетуі керек? Әрине, ата-анасы. Ата-ана баласының пікірін, іс-әрекетін қолдап, қолпаштауы қажет. Яғни, өз отбасында қолдау тапқан адам айналасындағы достарына да қолдау көрсете бастайды.
Әлімжеттік – өте нәзік тақырып. Насихаттаудан аулақпыз. Дегенмен, салдары ауыр екенін де елемей қою мүмкін емес. Бала буллингке тап болса, не істеуі керек? Қоғам болып бұл мәселені қалай шешкен дұрыс? Психологтар мен білім қызметкерлері, ата-аналар не дейді? Жалпы мектеп жасындағы балалар нені бөлісе алмайды? Олардың қатыгез болуына не себеп? Білім қызметкерлері, ата-ана, психологтармен бірігіп жауап іздеп көрдік.
Салима Апбасова, ардагер-ұстаз: «Әлімжеттік көрсету әлсіздік пе?»
Соңғы кездері мектеп жасындағы балалардың бір-біріне күш жұмсап, қатыгездікке баруы, өшпенділік, жауыздық жасауы, үлкенді сыйламауы секілді әрекеттер жиілеп кетті. Бұл біздің ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізге, бабаларымыздан дарыған адамгершілігімізге үлкен сын. Мұндай келеңсіздік балалар арасында әлеуметтік желілерде ашықтық болғаннан бастап пайда болды деп ойлаймын. Себебі қазіргі кезде балалардың ортасы – адамдар емес, әлеуметтік желі. Өйткені ұялы телефонға телмірген оқушылар жас ерекшеліктеріне сай емес ақпараттармен танысуда. Міне, мәселе қайда жатыр!
Біздің және барлық қоғамның жіберіп алған қателігі де осында деп ойлаймын. Бұл мәселені тек мектеп немесе ата-ана шешеді деп қарамауымыз керек, бүкіл қоғам болып қолға алуымыз қажет.
Ең бірінші, баланың тәрбие алатын орны, ол – отбасы. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» демекші, баланың тәрбиесі тікелей ата-анаға байланысты және тәрбие әрі қарай мектепте жалғасады. «Әкесі тұрып ұлы сөйлегенннен, анасы тұрып қызы сөйлегеннен без» демекші, біз отбасындағы әке айбыны мен ана мейірімін толық көрсете алмай қалған жоқпыз ба? Шындығында ең үлкен тәрбие – ол әке тәрбиесі. Себебі жүз мектеп берген тәрбие бір әке берген тәрбиеге жетпейді.
Сондықтан отбасында әкенің орны, әкенің сөзі, әкенің мейірімі мен талабы мықты болуы керек. Ана жүрегі қашан да нәзік. Ананың да берер тәрбиесінің орны бөлек. Десе де, қоғамдағы орын алған мәселелер отбасынан бастау алады. Шаңырақтағы естіген, көрген дүниелердің ортадағы көрінісіне айналдырады.
Мектепте тәрбиеге байланысты түрлі қоғамдық жұмыстар арқылы балалардың шығармашылығын дамытып жатқанымен, оқушының көріп отырған ақпараттық ортасындағы мәселелер дұрыс емес. Теледидар арқылы «Астарлы ақиқат», «Көреміз» секілді түрлі бағдарламаларда көрсетіліп жатқан қоғамдағы, отбасындағы келеңсіздіктерді ашық түрде насихаттау дұрыс емес деп есептеймін. Отбасындағы ана мен қыздың, әке мен ұлдың арасындағы тәрбие қалыс қалып жатыр. Себебі ата-анадан алатын тәрбиені осындай батыстық бағдарламалардан, кинолардан көріп, естіп, бойларына сіңіріп жатыр. Осындай жағайлардан кейін қоғамда қатыгез, жауыз балалар пайда болуда.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында көптеген көмектер беріліп жатқанымен, қоғамда әлі де ашкөздікке салынып, болмашы қиындық үшін бір-бірін өлтіруге дейін баратындар бар. Мұндай отбасынан барға қанағат етпейтін, жоққа сабыр ете алмайтын балалардың шығатыны хақ.
Тағы да бір мәселе: мектеп жасындағы балалардың бұзақылық істерін ұялы телефондарға түсіріп алуы, оны қызықтауы сәнге айналуда. Бұл дегеніміз – қоғамға туып тұрған үлкен қауіп. Соғыссыз, қарусыз балалардың болашағына балта шабу деп есептеймін.
Осы орайда, адамның рухын, болмысын қалыптастыру тек мектеп пен отбасы ғана емес бүкіл қоғам болып айналысатын жұмыс дегім келеді. Сондықтан да отбасында балаға «мектеп – сенің екінші үйің», «ұстаз – сенің екінші анаң» деп жиі айтып отыратын болса, обал мен сауапты, жақсы мен жаманды үйрететін болса бала екі жақтан да жақсы тәрбие алатыны сөзсіз.
Әр бала – біздің байлығымыз, болашағымыз. Болашағымыз жарқын болсын десек, бесігімізді түзейік!
Алтын Керімова, №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің ата-аналар комитетінің төрағасы: «Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы»
Қоғамдағы безөкпе баланы кім өсіруде? Бұрын «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» дейтін заман еді. Ол кездің өзінде кикілжіңді келісе шешіп, ортақ мүдде оны екінші қайталамау болатын. Ауыл ішінде тентекті төреден қараға дейін қатыса отырып түзейтін жайымыз бар еді.
Қазіргі қоғамда баланың балаға әлімжеттігі, көрсеткен зорлық-зомбылығының бірден-бір себебі – отбасында алған тәрбиесі. Барлық ата-анаға топырақ шашпаймыз. Бірақ оқушылар арасындағы әлімжеттіктің көбі баласының өміріне алаңдамайтын ата-аналардың селқос әрекетінен бастау алып отыр.
Қазір бала өмірі үшін жауапкершілікті бірінші білім беру мекемесінен және мұғалімнен талап етуге көштік. Оның бір ден бір себебі, кәмелетке толмаған бала 23:00-ден кейін ұсталған кезде құзырлы мекемелер бірінші ата-анаға емес, мектепке, мектеп әкімшілігіне және сынып жетекшісіне хабарласады. Егер қылмыс орын алса алдымен шағымды білім беру мекемесіне түсіріп, мектеп басшыларын жұмыстан босатуды талап етеді.
Тағы да ата-ана бұл тұста жауапкершіліктен әрі кетсе айыппұлмен құтылып, кінәні мектепке артып, ұстазды жазғырамыз. Бұл тұста баланың болашағымен тағдырын ойлап отырған ата-ананы көрмейміз. Қазір мұғалімдер жұмысынан тыс уақытта «өз баласын емес, өзгенің баласын күзетемін» деп түңгі рейдтерге шығуда. Бұның бәрі әлбетте бала болашағы үшін ұстаздар мен белсенді ата-аналардың жанашырлығы.
Жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың бір себебі – ата-ананың салғырттығы болса, екінші себеп– жазасын өтеп келгендердің ұйымдастырған шағын топтарының болуы (теріс жүйесі), үшіншісі – жасөспірімдердің бос уақытының көптігі, энергиясын тарқататын спорттық және мәдени-шығармашылық үйірмелерге бармауы.
Қазір елімізде саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру үшін бала тәрбиесінде ата-анаға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету мақсатында «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Аталған бірлестік пен аудандық білім бөлімі бірігіп ата-аналар үшін бүгінге дейін 2 ірі форум мен 37 семинар-тренинг ұйымдастырды. Оған 3000-нан астам ата-ана қатысып, баламен қарым-қатыныс, кәсіби бағдар, репродуктивті тәрбие, буллинг/кибербуллинг, отбасылық зорлық-зомбылық тақырыптары аясында офлайн кеңестер алды.
«Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы», сол себепті бүгінгі баланың болашағын ойлау ол әр ата-ананың дұрыс әрекетінен басталады. Бала жанашыр және елін сүйетін, ата-анасына қасіретін емес, қасиетімен қамқор болуы керек. Ол үшін қоғам, ата-ана, мектеп үштағаны берік болуы керек.
Ғалия Оспанова, №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары: «Бала тәрбиесі – ортақ іс»
Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен қылмыстық іс-әрекеттер өзекті мәселеге айналып бүкіл елді алаңдатуда. Бұрын ер балалар арасында ғана аргідік кездесетін бұзақылық, әлімжеттік мәселесі қыздар арасында да белең алып бара жатқаны қынжылтады. Білім беру орындарындағы ішкі-сыртқы тәртіп ережелері жыл сайын өзгеріске еніп, күшеюде. Балаға қауіпсіз ортада білім мен тәрбие береміз деп жан ұшырып жүрген ұстаздар қауымының да жұмысына жауапкершілік те жыл сайын артып келеді.
Мектеп оқушыларына сапалы білім мен саналы тәрбие берумен қабат бос уақытын тиімді ұйымдастыру жолдарын ұстаздар үйлестіреді.
Мектепішілік түрлі үйірме, секциялар, клубтар, қосымша білім беру орындарымен де тығыз байланыс орнатылып, бірлескен түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Түрлі жобалар, байқаулар, сайыстар т.б. жұмыстар үздіксіз жүріп жатыр. Қазір оқушының мектепте өткізетін уақытынан бөлек, түнгі мезгілде бей-берекет жүрмеуін, ойын-сауық орындарында болмауын, өз үйлерінде бар-жоғын анықтау да – білім қызметкерлерінің міндетіне айналғаны бесенеден белгілі.
Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік пен зорлық-зомбылыққа қарсы күресеміз деп жүргенде, кибербуллинг тақырыбы өршіді. Жасалған әрекеттерін жасыратын емес, керісінше, әлеуметтік желілер арқылы жария ететін жүктейтін балалар саны күн сайын артып келеді.
Десе де, барлық мұғалімнің, сынып жетекшінің, ата-ананың, қоғамның көкейінде «Ұлт тәрбиесі қайда барады?», «Балалар неге жауыз, қатыгез болып барады?», «Үлкеннен сескенетін ұл-қыз қайда?», «Жасалып жатқан жұмысымыз неге нәтижесіз?» деген жауабы толық емес сұрақтар саны көбейді.
Себебіне терең бойлай алмасақ та, ғалымдардың болжамы бойынша, біздің алдымызда «Z»,«альфа» ұрпақтары отыр. Неміс психологы Эрвин Штраус «Ұрпақтар теориясында» 5 түрлі ұрпақ қақтығысы туралы айтады. «Z»,«альфа» ұрпақ – ғаламтордың шынайы досы, виртуалды әлемнің тұрақты тұрғындары. Бұл ұрпақ қатаң ережені қабылдағылары келмейді. Өзіндік ой-пікірі бар, саналы ойлайды.
Дегенмен, тең және шынайы қарым-қатынасқа мұқтаж жандар. Сол себепті қазіргі таңда педагог мамандарды «Балаларды немен қызықтыруға болады?», «Назарын қалай аударта аламын?» деген сұрақтар мазалайды. Ескі әдіс-тәсілдер бұл балаларға әсер етпейді.
Сонымен, альфа-балаларды қалай түсінуге болады? Альфа-ұрпақ гаджет пен интернетсіз өмірді елестете алмайды. Қолына гаджет ұстап өмірге келгендер әлемді цифрлы технология арқылы таниды. Олар үшін уақыт пен кеңістікте шекара жоқ. Бірақ, зорлық-зомбылық пен қысымға төзе алмайды. Мүмкін, қазіргі жасөспірім осы ұялы телефоннан көрген шексіз әлемінің құрбаны шығар. Қатыгездік, өктемдік, зорлық-зомбылық әрекеттеріне бой алдыруына цифрлы технологияның әсері көп болар.
«Z»,«альфа» ұрпақтарының ең ¬басты ерекшелігі – өте сезімтал, тез сынғыштығында. Мойындауымыз керек, қазіргі жағдайда дауыс көтеруге, қатты шектеу қоюға педагогтармен қатар ата-ана да қауқарсыз. Өйткені, ересектердің өзінде балам «Өз-өзіне қол салып қояр ма екен?», «Үйден кетіп қалар ма екен?» деген қорқыныш сезімі басым.
Сол себепті соңғы буындағы ерекшеліктерді ескере отырып, қазіргі ұрпақ өкілдерімен педагогтар мен ата-ана бірлескен тиімді қарым-қатынас орнатуымыз керек. Ата-ана бала тәрбиесін тек мектеп ордасы төңірегінде шектемеуі қажет.
Білім салаларында соңғы жылдары ата-аналар академиясы, әкелер мектебі, аналар кеңесі, ата-әжелер мектебі жұмыстары жандануда. Бала тәрбиесіне қоғам болып жұмылу маңызды. Өйткені, бала тәрбиелеу – үлкен процесс. Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деп бекер айтпаған болар.
Бала тәрбиелеуді игеру үшін әрбір ата-ана арнайы ізденуі керек. Мамандықты игеру үшін кемінде 4 жыл оқимыз, ал ата-ана деген маңызды «мамандықты» игеруіміз үшін кемінде бір кітап оқыдық па?» деп сауал қойсақ, ренжитін ата-аналарымыз жеткілікті. Бала тәрбиесінде әрбір ата-ана есінде мықтап сақтап, санасына сіңіріп, қабылдап, мойындауы керек маңызды екі ұғым бар. Біріншісі, бала – проблема емес, екіншісі, әрбір бала өзінше бір әлем, өзіне тән өмірі бар жеке тұлға. Сол себепті ата-ана баласының тыныс-тіршілігімен, қызығушылығымен таныса отырып, өз баласының әлеміне, өміріне үңілуі керек. Ата-аналар қауымдастығы білім беру ұйымымен біріксе, бала тәрбиесіне оң ықпалы тиері сөзсіз.
Ұлы Абай: «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деп осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен. Тағы да дана Абайша айтсақ, баланы ең алдымен, мейірім мен шапағатқа тәрбиелеу керек, кейін ақыл-парасат, содан соң ғылым мен пайдалы еңбекке ¬баулу керек. Құндылықтарға негізделген білім беру концепциясында бала мектепте шынайы қарым-қатынас орнатып, еркін ойлауға үйренсе, достарымен жақын араласса, эмоционалдық жағдайы дұрыс болса, ол академиялық жетістіктерге оңай қол жеткізеді. Сол себепті барлық ата-аналар қауымын ортақ балаларымыздың тәрбиесі мен өмірлік жауапкершілігін бірлесе көтергеніміз абзал.
Нұргүл Баекеева, №48 мектеп-лицейдің педагог-психологі: «Бала – ата-ананың айнасы»
Бүгінде бәрі жұмысбасты. Баладан бұрын жұмыс маңызды боп кеткендей. Әрине, баланы асырау үшін жұмыс керек. Десе де, ол қаншалықты қауырт болса да, шаршап-шалдығып жүрсе де ата-ана бала тәрбиесін басты назарда ұстауы тиіс. Баланы қатып қалған бір тәртіппен тәрбиелей алмайсыз. «Қазіргі балалар қиын» деген ата-аналар шағымын жиі естіп жатамыз. Бірақ бала айна іспетті. Оған айтқан әрбір сөз, көрсеткен іс-әрекетті айна қатесіз қайталайды.
Балаға былай жаса, ақылды бол, білімді бол деп айтпауымыз керек. Керісінше, ең алдымен өзіңізді тәрбиелеңіз. Кітап оқыңыз, телефонға үңілмей жаңалықты теледидардан тамашалаңыз, отбасыңызбен кешкісін қызықты уақыт ұйымдастырыңыз. Міне, осыны көріп, түсініп өскен бала, санасы толысқан азамат болып қалыптасады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-ана қандай қылық жасаса, бала да сондай қадамға баратыны сөзсіз. Себебі, ең бірінші олар үйдегі әкесі мен анасынан үлгі алады.
Психологияда жылы сөзбен жүрекке жеткізу әдісі кең қолданылады. Кезінде Абай атамыз да қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген еді ғой. Дәл солай. Балаға да аялы алақан, жылы сөз бен мейірім қажет-ақ. Егер көңіл-күйіңіз жоқ болса, баланы тәрбиелеуге кіріспеңіз. Баламен жақсы қарым-қатынасты орнату үшін ата-ананың жақсы көңіл-күйде болуы маңызды. Өйткені, сіздің жарқын энергияңыз балаға жақсы әсер етеді.
Бала үшін сырлас дос болып, кез келген уақытта қолдайтын, ақыл-кеңес беретін жақынына айналыңыз. Бос уақытыңызда балаға көңіл бөліңіз. Бала өзіне бөлінген көңіл арқылы өзін әркез сенімді сезінеді.Өз айналасындағы адамдарды, өмірді сүюді үйретіңіз. Бұл бір жағынан, оның қоғамда жеке ойы бар дара тұлға болып қалыптасуына әсер етсе, екінші жағынан, баланың өзімшіл болуына тосқауыл болады.
Баламен тілдесу барысында оның көзіне тіке қарап, оны мұқият тыңдай біліңіз. Сол арқылы сіз оның жан дүниесіне тереңінен үңіліп, алаңдатқан мәселелерін нақты түсіне аласыз. Оны жиі мақтап, сіздің өміріңіздегі орны жайлы айтып отырыңыз. Ол баланың шыңдалуына әсер етіп, үйге қарай асығуына себеп болады.
Баланың пікірі мен жеке таңдауына құлақ асыңыз. Иә, сіздің онымен мүлдем келіспеуіңіз мүмкін, бірақ оның ойын құрметтеп, сынға алмағаныңыз дұрыс. Баланы өзі жасаған әр іске жауап беруге үйретіңіз. Шешім қабылдау, таңдау сынды құқықтарды өзіне қалдырыңыз.
Ол орындай алмайтын талаптар қоюдан алшақ болыңыз. «Ата-анамның үмітін ақтай алмадым» деген ой баланы үлкен күйзеліске алып келеді. Ешқашан өткен шақта жасаған қателіктерін бетіне баспаңыз. Ол оның болашағына кедергі келтіріп, өзіне деген сенімділіктің жойылуына апарады. Өз өміріне жауапкершілікпен қарайтын, алдына кезіккен әр адамға құрмет көрсететін, қиын күнде еңсесін тік ұстайтын адамның биік шыңдарды бағындыратыны хақ.
Ардақты ата-ана, өткенге өкініп, «әттең-ай, ата-аналық парызымды орындай алмадым» деп өкінішке бой алдырғыңыз келмесе, бала тәрбиелеу жолында барлық мүмкіндікті қолданыңыз. Сонда ғана сіз әрқашан өз перзентіңізбен мақтанатын боласыз!
Р.S. Ұрпағына дұрыс тәрбие бере алмаған халық – тамырына құрт түскен ағаш секілді. Тамыры бүлінген ағаш шіриді. Қыз тәрбие көрмесе арсыздыққа, ұл тәрбие көрмесе бассыздыққа бой алдырады. Дер кезінде шара қолданып, кеселдің алдын алмасақ, халық тағдырын тығырыққа тірейтін азғындаудың келеңсіз көріністері күн санап көбейе түсуі әбден мүмкін.