Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруасы шираған қожалық

Шаруасы шираған қожалық




Соңғы жылдары ауылдағы ағайынның еңсесінің көтеріліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Біреуі мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егіншілердің де шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады. Арамызда кәсібін өркендетіп талай жанды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықтар жетерлік. Солардың  бірі – Ақтоған ауылындағы «Адына» шаруа қожалығы. Оған аудандағы ең жас кәсіпкерлердің бірі Кенжебек Әбдімәлікұлы жетекшілік етуде.

Кәсіптің көзін табамын дегендерге бүгінгі таңда мүмкіндік көп. «Адына» шаруа қожалығы да бүгінде кәсіптің көзін тапқан қожалықтардың қатарында. Нақтырақ айтар болсақ, қожалық иесі 2019 жылы мемлекеттің меншігіне өткен, яғни иесіз қалған жерлерді сатып алып, сол жерге қайта жан бітірген. Әке жолын қуған Кенжебек Әбдімәлікұлы ең алғаш өз жұмысын кішігірім кәсіптен бастаған. Содан-соң 2020 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 20 млн теңгеге 500 бас қой сатып алған. Содан бері жас кәсіпкердің кәсібі жанданып келеді.

Жалпы қазіргі таңда «Адына» шаруа қожалығында 50 бас ірі қара малы бар.Оған қоса биылғы жылы Алматы қаласынан асыл тұқымды «Ангус» бұқалары әкелінген. Бүгінде уақ малдың өсімі қозыдан бөлек 800 басқа жетіп отыр. Сондай-ақ бұл шаруа қожалықта бригадир, комбайншы, бақташы, күрішші т.б. жұмысшылар өз ісін бірнеше жылдардан бері ойдағыдай атқарып келеді. Олардың әрқайсысын өз ісіне жауапты, нағыз еңбек адамдары деп айтуға болады. Мұнда жыл сайын төрт түліктің саны көбейіп, ата кәсіптің тасы өрге домалап жатыр.

Бүгінгі таңда бұл шаруа қожалықта 9 адам заңды түрде тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, 6 адам маусымдық жұмыстар істеп, жалақы алады. Жалпы қожалық иесі қазіргі таңда 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Мал өсірумен қатар диқандық кәсіпті қатар алып жүрген шаруашылықта 2020 жылдан бері 70 гектар жерге күріш егілуде. Сондай-ақ 50-60 гектар жерге мақсары, және жоңышқа, арпа бидай өнімдері орналастырылады. Ал 2022 жылы «КазАгроқаржы» мекемесінен 102 млн теңгеге «Хикаши 330» атты заманауи экскаватор сатып алынған.  Бұдан бөлек биылғы жылы «Адына» шаруа қожалығы ірі қара малды көбейту үшін 24 млн 320 мың теңгеге кепілдендірілген несиемен 60 бас жылқы сатып алған. 

Шаруа қожалық иесі алдағы уақытта жылқы өндірісін көбейтуді мақсат етіп отыр. Сондай-ақ 25 гектар жерге бау-бақша өнімдерін, және 120 гектар жерге жоңышқа егуді жоспарлауда. Ал кәсіптің көзін тапқан жан өзшаруа қожалығы жайлы былай дейді:

«Қазақ жастары ата кәсіппен айналысуы керек. Адам баласы өзіне сеніп, еркін өмір сүргені дұрыс. Бізге көп жағдайда батылдық жетпей жатады. Қазақта «Торғайдан қорыққан тары екпейді» деген сөз бар. Сондықтан шаруаның адамы боламын, кәсіп бастаймын дегендерге «қорықсаң, бизнеске барма, кәсіп оңай емес» дер едім. Расында, оның жауапкершілігі мол.Ұры-қары болады, далада ыстық-суықта жүресің, соған төзу керек. Сонда ғана сен шыңдаласың. Мына бейбіт заманда тірлік жасап, адал еңбектенсең ғана тірлігіңнің нәтижесін көресің. Шаруаның адамдары адал еңбектенсе оның жемісін міндетті түрде жейді. Ал біздің шаруа қожалыққа келер болсақ, жыл сайын жұмысымыз жанданып келе жатыр. Алдағы уақытта үлкен мақсатымыз – шаруашылықты әрмен қарай дамыту, сондай-ақ уақ малдың санын арттыру. Мемлекет тарапынан да қандай да бір қолдау болса, кәсібіміз бұдан әрі жанданар еді», – дейді кәсіпкер.  

Мемлекет тарапынан қолдау болса, шаруаның қай түрі болса да ширайтыны рас. Бастысы еңбек ету керек. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Ендеше, біз де бейнеттің зейнетін көріп, адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Адына» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық дейміз.
18 сәуір 2023 ж. 421 0