Депутаттар ел алдында
Сейсенбі күні аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Жандарбеков жаңадан сайланған депутаттарды өздеріне қарасты учаскесі бойынша ауыл тұрғындарымен таныстырды.
Кездесу барысында мәслихат хатшысы мемлекет басшысының Мәжіліс пен мәслихат сессиясында айтылған сөздеріне тоқталып, аудандық мәслихат депутаттары халықпен және жергілікті құқық қорғау саласының қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс істеу қажет екенін айтты.
Кездесу барысында мәслихат хатшысы мемлекет басшысының Мәжіліс пен мәслихат сессиясында айтылған сөздеріне тоқталып, аудандық мәслихат депутаттары халықпен және жергілікті құқық қорғау саласының қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс істеу қажет екенін айтты.
Айта кетейік, жаңадан сайланған халық қалаулылары енді ауылдық округ әкімшілік ғимаратында тұрғындардың талап-тілектері мен мәселесін шешу мақсатында айына бір рет жеке қабылдау өткізеді.
Қазірдің өзінде депутаттар өздеріне қарасты округтер мәселесінің оңтайлы шешілуіне білек сыбана кірісіп кеткен. Мысалы, кешегі екпіні қатты желдің кесірінен біраз құрылыс нысандарының шатырлары ұшып, түрлі залал келтірген болатын. Олардың қатарында Жаңатұрмыс ауылдық округі мешіті де бар. Бұл жағдайды жаңадан сайланған халық қалаулысы Қанат Сәулебек назардан тыс қалдырмай, дереу іске кірісіп, жеке қаржысына мешітті қажетті материалдық жабдықтармен толық қамтамасыз еткен. Бұл іске куә болған ауыл тұрғындары депутатқа зор алғысын білдіріп, жұмысына толайым сәттілік тілеп, ауылдың үлкен ақсақалы ақ батасын берді.
Кезекті ауылды аралап жүріп, тағы осындай игілікті істің куәсі болдық. Қарғалы ауылдық округінің тұрғындарына жаңадан сайланған депутатты таныстырудың да кезегі келді. Осы тұста ауыл тұрғыны ауылдың ішкі көшелеріне толықтай ауыз су келгенімен, жаңадан түскен көшеге судың жетпегінін айтып, мәселесін көтерді. Ауыл азаматының уәжін мұқият тыңдаған халық қалаулысы көп кешікпей жер қазатын техникаларын жіберіп, үй ауласына дейін ауыз су жүргізілетінін айтып, уәдесін берді.
Ауыл тұрғындары алдағы уақытта да біраз түйіткілдің ел қалаулысымен бірге шешілетініне сенім білдірді.
Айта кетейік, аудандық мәслихат депутаттығына 45 кандидаттың сайлауалды бағдарламасы ұсынылып, оның 15-і депутат мандатын алды.
Дархан Байтілес