Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қанша?
2023 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен 549,3 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы – 168,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы – 380,6 млрд теңге.
2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 292 мың адам.
«2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 992 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 089 теңге, базалық зейнетақы – 37 903 теңге», деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдері 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске салды.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
- Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді.
- Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.