Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақының ең төменгі көлемі артты

Зейнетақының ең төменгі көлемі артты

2022 жылы республикалық бюджеттен 2,9 трлн теңгеден аса сомаға зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақыға – 883,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға 2 022,6 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қор­­ғау министрлігі хабарлады.




Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 2 млн 295 мың зейнеткер бар. Бүгінде оларға берілетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 108 761 теңгені құрады. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 74 950 теңге, базалық зейнетақы – 33 811 теңге.



2018 жылдың шілдесінен бас­тап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр азаматқа жеке тағайындалып келеді. Бұл ретте 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бо­йынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз және мүлде жоқ болса, сондай-ақ базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-ына тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер еңбек өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғары мөлшерінде, яғни 100% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейне­т­­ақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорына бірнеше рет ауда­рылса, жинақтаушы жүйеге қаты­су мерзімі бір айды құрайды. Осы­лай­ша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің көлемі 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.
Ынтымақты зейнетақылардың көлемі жыл сайын инфляция дең­гейінен 2% артып көтерілуге кепіл­дік беріледі. Бұл 2014 жылы қабыл­дан­ған зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес келеді.
«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес жасына және еңбек сі­ңір­ген жылдарына байланысты зей­нетақы төлемдерінің көлемі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5%-ға артты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-ға дейін ұлғаюына байланысты арттырылды.
Осылайша, биыл қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақылардың ең төменгі көлемі 68 223 теңгеден (2022 жылы) 77 417 теңгеге дейін артты.

24 қаңтар 2023 ж. 302 0