Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы: Президент Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты

Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы: Президент Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамына арнал­ған іс-шараларға қатысып, барша қазақстандықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.



– Наурыз – жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл – халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын мезгіл. Еліміз әз Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған. Алыстаған ағайын Ұлыс күні татуласып, қайта қауышқан. Жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін айтқан. Көпшілік ортақ дастарқаннан дәм татып, қариялар жастарға батасын берген. Бабаларымыз Наурыз то­йын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні – жаңа өмірдің жаршысы, – деді Президент.

паяр

Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын тың бастама көтеріп, елімізді түбе­гейлі жаңғырту үшін ауқымды реформалар ұсынғанын еске салды.
– Халық бұл бастамаларды қолдады. Біз жоспарымызды бір жылда табысты жүзеге асырдық. Референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Билік жүйесін қайта жасақтау үшін маңызды саяси шаралар іске асырылды. Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы – бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау – ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа саяси дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты. Тарихи сәт Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Жаңа Қазақстанның бүгінгі бейнесі әз Наурызбен толық үндеседі, яғни Ұлыстың ұлы күнінде қасиетті Отанымыз мүлде жаңа сипатқа ие болды. Мұны дүние жүзінің көптеген елдері мойындап отыр. Енді саяси жүйесі толық жаңғырған еліміз тың қарқынмен дамиды. Бұл реформалар экономиканың өсуіне, халық табысының артуына жол ашады. Реформаларымыз міндетті түрде жалғасын табады. Біз жан-жақты дамыған қуатты мемлекет боламыз. Бұл – негізгі мақсатымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасампаз халқымыздың келешегі жарқын болатынына сенім білдіретінін айтып, мемлекеттің мүддесі бәрінен биік екеніне назар аударды. Президент ел болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін атап өтіп, отандастарымызды еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды.
 – «Бірлік түбі – береке» дейді халқы­мыз. Қоғамда келісім және татулық болса, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Осы жолда бәріміз бір кісідей жұмылайық, ардақты ағайын! Биыл қасиетті Рамазан айы Ұлыстың ұлы күнімен қатар келді. Ораза ұстайтын жамағаттың ниеті қабыл болсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Жаңа жыл құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Жүрек жылуы» қайырымдылық акция­сына қатысты. Акцияның мәні – нау­рыз айы бойына халықтың әлеуметтік осал топтарына қамқорлық көрсетіп, көпбалалы отбасылардан, мүмкіндігі шектеулі жандардан, зейнеткерлерден келіп түскен хаттарда жазылған өтініш-тілектерді орындау.
Астана Жастар ресурстық орталығы­ның еріктілері Мемлекет басшысынан сандықтан алғашқы хатты алып оқуды сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев хат иесінің тілегі орындалатынын жеткізіп, осынау игі істі бастаған жастарға ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Арғымақ» ат спорты-сауықтыру кеше­нінде ұйымдастырылған «Жеті қазына» мәдени-спорт іс-шарасына қатысты.

япато

Алдымен Президент тазы иттердің көрмесін тамашалады. «Nomad» ұлттық саятшылық» қоғамдық қорының төрағасы Болат Құнанбаев тазыны сақтау, өсіру бағытында атқарылып жат­қан жұмыстар жөнінде баяндады.
Мемлекет басшысы тазыны халық­аралық деңгейде дәріптеу қажет екенін айтты.
 – Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі. Біз тазы мен төбет иттерді халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуға тиіс. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық қажет. Бұл маңызды іс кәсібилікті талап етеді. Сол үшін арнайы заң қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Nomad Stunts тобының өнерін тамашалады. Каскадерлер аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу, садақ ату сияқты ұлттық ойын түрлері мен көшпенділердің әскери шеруін көрсетті.
Nomad Stunts тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов Мемлекет басшысына 2020 жылы каскадерлерге берілетін Taurus World Stunt Awards жүлдесін жеңіп алғанын айтты.
Президент қазақтың қайсарлығы мен ұлттық спортымызды әлемдік кинематографияда дәріптеп жүрген Nomad Stunts тобына сәттілік тілеп, Жайдарбек Күнғожиновке ер-тоқым сыйлады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шәмші Қалдаяқовтың шығарма­шылығына арналған отандық өнер жұлдыздарының концертін тамашалады.
«Қазақстан» орталық концерт залында белгілі әншілер Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Мейрамбек Беспаев, Рухия Байдүкенова, Әлішер Кәрімов, Қанат және Светлана Айтбаевтар, сондай-ақ Астана қаласының эстра­далық-симфониялық оркестрі, Жас көрер­мен музыкалық театрының солис­тері және басқа да өнерпаздар ән шыр­қады. Концертке композитордың жұба­йы Жәмилә Қалдаяқова да құрметті қо­нақ ретінде қатысып, ұлы Мұхтар мен не­ме­ресі Айсұлу Қалдаяқовтар өнер көрсетті.
22 наурыз 2023 ж. 165 0