Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАННЫҢ АЖАРЫ ҒАНА ЕМЕС, ТАЗАЛЫҒЫ ДА МАҢЫЗДЫ

АУДАННЫҢ АЖАРЫ ҒАНА ЕМЕС, ТАЗАЛЫҒЫ ДА МАҢЫЗДЫ

Көктемнің алғашқы күні аудандық мәдениет үйінде өңір басшысы Нұржан Ахатовтың төрағалығымен «Көрікті менің Шиелім» атты көркейту-көгалдандыру, санитарлық-тазалықты сақтау және қоршаған ортаны қорғауға байланысты семинар өтті. Семинар-кеңеске аудан ардагерлері, құқық қорғау органдары, аудандағы бірқатар бөлім басшылары және білім беру ұйымдары, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары мен шаруашылық құрылымдарының төрағалары қатысты.
Нұржан Сәбитұлы жиынды бастамас бұрын аудан халқын «Алғыс айту күні» мерекесімен құттықтап, бұл күннің мейірімділік пен бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығының, өзара құрметі мен сенімінің жарқын мерекесі екенін тілге тиек етті. Содан соң ­аудан тазалығының маңызына тоқталып, семинардың мақсаты да тұрғындарды көгалдандыру жұмыстарына жаппай жұмылдыру, халықтың салауатты, қауіпсіз өмір сүруі мен өздерін жайлы сезінулері үшін қоршаған ортаның сапасын жақсарту екенін жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл мәселеге байланысты атқарылатын жоспар-жұмыстың мол екенін атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, Қазақстан ­Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатындығын және бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді» деп, өңір басшыларына ағаш отырғызуды ұйымдастыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы жыл басындағы тұрғындар алдындағы кездесуде «Биылғы жылы тұрғындардың көгалдандыру шараларына белсенді қатысуын ынталандыру мақсатында бағалы жүлделер тағайындап, «Үлгілі ауыл», «Үлгілі көше», «Үлгілі аула», «Үлгілі тұрғын үй» арнайы ­конкурстарын өткізетін боламыз, – деген болатын. «Тазалық – саулық кепілі» дейді дана халқымыз. Тазалық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді болары хақ. Көрікті мекеніміздің келбеті тек сәнді де сәулетті ғимараттармен өлшенбейтіні белгілі. Күннен күнге асқақтай түскен Шиелінің ажары ғана емес, тазалығы да өзге өңірлерге үлгі болуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі «Табиғатты корғау – ұлттық маңызы бар мәселе» деп баса мән беріп, «жасыл бастамаларды» жүзеге асырып, нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенім білдіруде. Сондықтан біз де осы ауқымды бастамаға жұмыла атсалысып, ауданымызды көркейтуге бар күшімізді жұмсайық. Қоғам үшін пайдасы зор осынау істі әрбір жан азаматтық борышым деп санауы керек, – деді аудан әкімі.
Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов және аудандық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Беркімбаев сөз алып, аудандағы тазалық жұмыстарының барысымен, қоршаған ортаны ластаған азаматтарға қолданылатын заң шараларымен таныстырды.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы тазалықты жақсарту мақсатында ұйымдастырылған профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны үшін барлығы 145 азаматқа әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, оларға жалпы сомасы 1 млн 543 мың 875 теңге айыппұл салынғанын атап өтті. Бұдан бөлек, жасыл желектерді бүлдіру, қалалар мен елді мекендерді көріктендіру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік кодекстің 505-бабымен 195 азаматқа әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, «ескерту» түріндегі әкімшілік жазалар қолданылған. Аудан әкімінің қаулысына сәйкес, белгіленбеген орындарда сауда-саттық жасау яғни, кодекстің 204-бабымен 11 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған.
Оларға жалпы сомасы 113 мың 850 теңге айыппұл салынса, кәріз жүйелерінен шығарылатын қоқыс су қалдықтарын белгіленбеген орындарға төккендері үшін 4 арнайы техника (ассенизатор) анықталып, оларға қатысты әкімшілік кодекстің 434-2 бабымен әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, әрқайсысына 17 мың 250 теңгеден айыппұл салынған. Дәулет Сүлейменұлының айтуынша, аталған құқық бұзушылықтардың 50 проценті кент орталығындағы көшелер мен жол тораптарына орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен анықталған. Айта кету керек, бұл шаралар қоғам игілігі мен аудан тұрғындарын тазалыққа үйрету мақсатында атқарылып отыр. Қазірдің өзінде Шиелі аудандық кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп дайындалған бейнероликтер кент орталығындағы 5 жерде орнатылған «Лэд» экрандардан тұрғындарға кеңінен насихатталуда.
Семинар барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет, кәсіпкер, аудандық мәслихаттың VII шақырылым депутаты Насырбек Мырзабековтер сөз алып, аталған игі бастамаға қолдау білдіретіндерін жеткізіп, аудан жұртшылығын тазалық сақтау жұмыстарына бірге атсалысуға шақырды.
Сонымен қатар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжолов аймақта қолға алынған «Үлгілі елді мекен» конкурсының шарттары мен жүлде қорын таныстырып өтті.
Конкурс талаптарына сәйкес, «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша I орынды иеленген кентке қалдық тасымалдаушы «МАЗ» жүк көлігі мен арнайы жол тазалағыш және «КАМАЗ», II орынға су шашатын көлік пен қалдық тасымалдаушы «МАЗ» жүк көлігі және жол тазалағыш трактор, III орынға ассенизатор машинасы мен жол тазалағыш трактор көліктері берілмек. Ал «Үлгілі ауыл» номинациясында жеңімпаз атанған ауылдық округке жер қазушы трактор мен жүк тасымалдау көлігі, II орынға жер қазушы трактор мен тіркеме, III орынға тіркемені жүлде ретінде тағайындау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Ғабит Сейілбекұлы Шиелі ­ауданы бойынша ұйымдастырылатын «Үлгілі ауыл», «Үлгілі көше», «Үздік мекеме», «Үздік кәсіпорын», «Үздік кәсіпкерлік нысан» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» секілді номинациялардан құралған конкурстың ережесінен де хабардар етті. Аудандық сарапшылық комиссия номинацияларға байланысты ұсынылған құжаттарды бағалап, нақты объектілерді қарап, конкурс қорытындысын шілде айына дейін шығаратын болады. Айта кету керек, аталған байқауларды ұйымдастырудағы негізгі мақсат аудан халқының тазалыққа деген ынта-жігерін оятып, бұл мәселеге немқұрайлы қарауды болдырмау.
Жиын соңында сұрақ-жауапқа кезек беріліп, қонақтар тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.

Таслима ӘЛІШЕР

06 наурыз 2023 ж. 218 0