Мызғымас құндылықтар дәріптелген күн
«Достық үйінде» 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған іс-шара өтті. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақ тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, Сыр елінің дамуы мен көркеюіне үлес қосқан жерлестерге алғысын жеткізді.
– Баршаңызды көктем шуағымен келген Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – достық пен бірлікті көрсететін, қазақстандық патриотизмді ұлағаттайтын, адамдардың бір-біріне мейірбандығын, сүйіспеншілігін, достығын көрсететін ерекше күн. Ортамызда алдыңғы буын – ағаларымыз, бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына өз үлесін қосып жүрген орта буын, жаңа Қазақстанның, Әділетті Қазақстанның сенімді серіктері – жастарымыз отыр, – деді Н.Сақтағанов.
Облыс әкімінің орынбасары күнделікті ел алдында жүрмесе де, еселі еңбегімен аймақ дамуына үлес қосып жүрген сала мамандарына жеке-жеке тоқталды. Табиғат апаты кезінде зардап шеккен халыққа көмек көрсеткен қазақстандық құтқарушылар, дәрігерлер, қарапайым азаматтарға ризашылық білдіріп, ел үшін аянбай еңбек еткен барша маман иелеріне құрмет көрсету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, аймақтағы маңызды жобаларға демеушілік етіп жүрген кәсіпкерлерге айрықша алғыс айтты.
– Былтыр мердігерлер өз қаржысына 1,6 млрд теңгеге 80 ойын алаңын салып, «Балалар жылында» балдырғандарға тарту етті. Жаңақорған ауданының орталығында 790 млн теңгеге заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданының Н.Ілиясов ауылында 350 млн теңге. еңбекшілер аллеясы салынды. Қызылорда қаласында Қорқыт ата әуежайы демеушілер есебінен 100 млн теңгеге жөндеуден өтіп, Болат Өтемұратов қоры жалпы құны 12 млрд теңгеге жаңа әуежай терминалының құрылысын бастап кетті. Арал ауданында 500 млн теңгеге жеке кәсіпкер мектеп салуда. Айта берсек мұндай жомарт жандар көп. Олардың істері жастарға – өнеге, тарихқа – тағылым, көпшілікке – игілік, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мерекелік жиында өз ісінде біліктілігімен, еңбекқорлығымен көзге түскен азаматтарға құрмет көрсетілді. Облыстық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Баймырза Қожамберлиев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен, облыстық корей этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Денис Пак Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, еңбегімен дараланған бірақатар азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Салтанатты жиын соңы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.
Биболат СӘТЖАН