Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сібір жарасынан сақ болған абзал

Сібір жарасынан сақ болған абзал



Әлемде қауіпті аурулар қатарында күйдіргі дерті де бар. Бұл дертпен адамдар да, жануарлар да ауырады. Ол аса қауіпті инфекциялық ауру түріне жатқызылады. Қашан да оған сақтық шаралары қажет. Қауіпсіздікке баса мән беріп, сол бағытта тиімді әрекет еткен артық емес. Одан қалай сақтануға болады? Бұл орайда мамандар қандай пікір айтады? Осы мақсатта ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жанабергенованы әңгімеге тартқан еді.
– Алдымен күйдіргі немесе сібір жарасы жөнінде қысқаша анықтама бере кетсеңіз, оның таралуына қандай жағдайлар әсер етеді?
– Бұл бағытта санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласы тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіледі. Соған қарамастан, мұндай жағдайлар кездесіп қалып жатады. Күйдіргі ауруының қоздырғышы – сібір жарасының таяқшасы (Bacillus anthracis). Микроорганизмнің ерекшелігі – топырақта бірталай жылға дейін тіршілік ету қабілетін сақтай алатын споралардың пайда болуы. Күйдіргі ауруының көзі – ірі қара, қой, ешкі, түйе, шошқа, жылқы cекілді үй жануарлары.
Ол зақымдалған тері, сирек жағдайда тыныс алу жолдарының сілекейлі қабықтары мен асқазан-ішек жолдары арқылы жұғады. Аурудың механизмі тіндердің ісінуі мен жансыздануын тудыратын қасиеттері бар экзотоксин қоздырғышының пайда болуымен байланысты.
Енді сібір жарасының түрлері тоқтала кетсек. Мәселен, қоздырғыш енген жердегі теріде жазылмайтын жара пайда болады. Ал, өкпедегі түрі ауыр пневмонияның дамуымен сипатталады. Сондай-ақ, септикалық түрінде қоздырғыш қанмен бүкіл ағзаға таралады. Сондықтан, ол ең ауыр түрі саналады.
– Қазіргі уақытта бұл аурудың таралуы айтарлықтай төмендеді. Оған қандай жағдайлар әсер етті?
– Емдеудің заманауи әдістері осы аурудың қолайсыз нәтижеcінің айтарлықтай төмендеуіне ықпал етеді. Сондықтан, оған шалдыққан әрбір адам медициналық көмекке уақтылы жүгінген маңызды.
Күйдіргі ауруының алдын алу мақсатында бірқатар сақтық шараларына назар аударуымыз қажет. Атап айтқанда, ет және ет өнімдерін оның қауіпсіздігі мен сапасына бақылау жүргізілетін, яғни рұқсат етілген ресми базарлардан, дүкендерден, сауда орталықтарынан ғана сатып алу қажет. Иә, ет және ет өнімдерін кездейсоқ адамдардан сатып алмаған дұрыс.
Ал, тамақ дайындау кезінде және пісіру кезінде шикі еттің дәмін татпау, ет пен ет өнімдерін мұқият қайнатып, қуыру, міндетті түрде термиялық өңдеуден өткізіп барып пайдаланған жөн. Оған қоса, үй жануарларын бағу кезінде санитариялық-эпидемиологиялық ережелерді сақтап, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану ләзім.
Ал, мал бағу, сою, бөлшектеу және өзге де жағдайлардан кейін дене қызуының көтерілуі, терінің қызаруы, жаралардың пайда болуы байқалса, дереу жақын жердегі медициналық ұйымға дәрігерлік көмекке жүгіну керек. Өзін-өзі емдеуге болмайды. Өйткені, бұл аурудың асқынуына әкелуі мүмкін және өлім қаупін арттырады.
Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы – жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцина үй жануарларын ұстайтын, ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтін, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген адамдар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі. Екпені жыл сайын алып отыруы қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн.
– Ал, дерттің өршуіне қандай жағдайлар әсер етуі мүмкін?
– Айта кетсек, малды тек алдын ала ветеринариялық тексеруден кейін ғана сою керек. Ал, үй жануарларына күйдіргіге қарсы профилактикалық вакцинация жүргізу керек. Рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерде, стационарлық қолайсыз пунктілерде мал жаюға жол бермеген дұрыс.
Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Өйткені, емдеу неғұрлым ертерек басталса, нәтижесі соғұрлым жақсы болады.
Ауыл шаруашылығымен, оның ішінде мал шаруашылығымен шұғылданатын, мал ұстайтын азаматтар арасында төрт түлікке сібір жарасына немесе басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация салдырмау жағдайы кездеседі. Оған қоса, кейде ветеринария мамандарының тексеруінсіз ауырған малдың етін бірнеше үйге таратып беру оқиғасы болады. Оның салдары аса қауіпті жұқпалы сібір жарасының таралып кетуіне әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан, сақтық шараларына мұқият болыңыз.
– Облыста сібір жарасы соңғы рет қай уақытта тіркелді? Алдын алу бағытында қандай іс-шаралар қолға алынып келеді?
– Өткен жылы Қызылорда облысында сібір жарасы немесе оған күдікті жағдайлар адамдар мен ауыл шаруашылығы жануарлары арасында тіркелген жоқ. Соңғы жағдай 2008 жылы Шиелі ауданында болған еді.
Облыста сібір жарасы ауруына байланысты 60 стационарлық қолайсыз нүкте және 68 сібір жарасы ауруының топырақтық ошағы тіркелген. Бұл бағытта алдын алу мақсатында тиісті зертханалық зерттеу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Облыста күйдіргі ауруының топырақтық ошақтарының сыртқы ортасынан 455 сынама алынды. Олар «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облыстық филиалының аса қауіпті инфекциялар зертханасында зерттеліп, барлық сынамалар нәтижесі теріс болды.
27 ақпан 2023 ж. 208 0