Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отаншылдық – ең ізгі сезім

Отаншылдық – ең ізгі сезім

Батырларымызды ұлықтау - халқымыздың салты. Біз еш уақытта да ел үшін жанын пида еткен арыстарымызды ұмытпауымыз керек. Қайта сол ерлердің ерлік істерімен жас ұрпақты отансүйгіш ретінде тәрбиелей білуіміз керек.


Осы ретте Ә.Тәжібаев ауылдық мәдениет үйінің және кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Есімде отты жылдар» атты шара өтті. Шараға «Тәжік-Ауған» соғысына қатысқан Ә.Тәжібаев ауылдық округінің тұрғыны Нұрмаханов Әлімжан Бидашбекұлын арнайы шақырып, мектеп оқушылары көкейде жүрген сан сұрақтарын қойып еркін форматта пікір алмасты. -Қазіргі жастар Отан алдындағы борышын өтеуден қашқақтайды. Мұны құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Бұған түрлі себептер әсер етуі мүмкін. Ата-анасының, туыстары мен достарының пікірлері түпкілікті сананы өзгертеді. Бұрындары әскер қатарына алынатын жасқа келгенде өзіміз әрекетімізді жасап, әскер қатарынан қалып қоймаудың қамын жасайтынбыз. Ал қазір мүлдем бөлек. Қазір барлық жағдай жасалған. Әскер деген адамды шыңдайтын орта. Өмірде шыңдалмаған адамды өмір ешқашан аямайды. Жігіттеріміздің бойына қайсарлықты сусындатып, батылдыққа тәрбиелейтін ортадан қашқақтап жүрген жастарға таң қаламын. Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны сияқты, отансыз да өмір сүре алмайды, – деді Әлімжан Нұрмаханов. Шара соңында «Тәжік-Ауған» соғысына қатысқан Әлімжан Нұрмахановқа сый-құрмет көрсетіліп, алғыс хатпен марапатталды.
22 ақпан 2023 ж. 299 0