Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әл-ауқат таразысы: әлеуметтік көмектің жаңа өлшемі

Әл-ауқат таразысы: әлеуметтік көмектің жаңа өлшемі

Келер жылдан бастап кейбір жәрдемақылар отбасының тұрмысына қарай тағайындалады. Яғни табысы жоғары, тұрмысы жақсы отбасыларға мұндай төлемдер берілмейді. Балаға, мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақы енді отбасының әл-ауқатына қарап үлестіріледі. Үкімет бекіткен жаңа тәртіп 2027 жылғы 1 қаңтардан күшіне енбек.
Жаңа қаулы мемлекеттік жәрдемақының 10 түрін қамтиды. Бұған дейін бұл төлемдер бала туғандарға, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтар мен өзге де қолдауға мұқтаж жандарға олардың мәртебесіне қарай тағайындалып келді. Енді жаңа жылдан бастап мұндай азаматтардың табысы мен тұрмысы да таразыға түспек. Дәлірек айтқанда, мемлекет азаматтарды әл-ауқатына қарай бес санатқа бөліп отыр. А – бірнеше үй, көлігі, кәсібі бар ауқаттылар тобы. В – тұрақты жұмысы, баспанасы мен машинасы бар орта тап. Ал C, D, E категориясына әл-ауқаты төмен не мүшкіл хәлдегі отбасылар жатады.
Жаңа талапқа сәйкес, жағдайы жақсы, яғни алғашқы екі санатқа кіретін отбасылар қаражаттан қағылады. Үміткерлер жәрдемақы алу үшін мемлекетке құпия деректерін тексеруге келісім беруі тиіс. Яғни, несие берешегі, ай сайынғы төлемі, мерзімі өткен қарызы мен өтелмеген сомасына дейін қаралады. Бірақ әл-ауқаты мүлде тексерілмейтін санаттар да бар. Оған мүгедектігі бар балалар мен 1-2 топтағы азаматтар, ата-анасынан айырылғандар, зейнетақы алатын марапатталған көпбалалы аналар және арнаулы кәсіптік жәрдемақы алушылар жатады.
Мәселен, бірдей мәртебеге ие екі отбасының қаржылық мүмкіндігі бірдей болмауы мүмкін. Бір үйде бірнеше баланы асырап отырған ата-ананың тұрақты табысы жеткілікті болса, екінші шаңырақтағы жалғыз асыраушы жұмыссыз қалуы ықтимал. Біріне мемлекеттік төлем қосымша қаражат саналса, екіншісіне сол ақша негізгі кіріс көзі. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік көмекті нақты мұқтаждыққа қарай бөлуге ұмтылудың қисыны бар. Мемлекеттік ресурстар шектеулі болған жағдайда олардың ең алдымен көмекке зәру адамдарға жетуі маңызды.
Алайда мәртебеге негізделген жүйеден тұрмысты бағалау тетігіне көшу оңай шаруа емес. Мұнда басты мәселе — отбасының жағдайын қандай өлшемдермен анықтайтынында. Егер бағалау тетігі өмірдегі ахуалды толық ескермесе, қағаз жүзінде әл-ауқаты жақсы көрінген отбасы шын мәнінде қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін.
Жаңа тәртіпке қатысты қоғамда туындайтын негізгі сауалдың бірі де осы – отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде қандай деректер шешуші рөл атқаратыны. Мәселен, адамның автокөлігі бар делік. Бұл оның тұрмысы жақсы екенін білдіре ме? Көлік несиеге алынуы мүмкін. Кейбір ауылдық жерде ол сән-салтанат емес, жұмысқа баруға, егін даласына қатынауға қажетті құрал. Сол сияқты, адамның баспанасының болуы оның қолында еркін жұмсайтын қаражаты жеткілікті дегенді білдірмейді. Керісінше, тұрақты жұмысы мен табысы бар отбасының да шығыны көп болуы ықтимал. Ай сайынғы несие төлемі, емделуге жұмсалатын қаржы, асырауындағы адамдардың қажеттілігі отбасының нақты мүмкіндігін шектейді. Сондықтан материалдық жағдайды тек мүлікпен немесе жалақы көлемімен өлшеу жеткіліксіз.
Табыстың тұрақтылығы, міндетті төлемдер, отбасы мүшелерінің саны, денсаулыққа байланысты шығындар мен басқа да мән-жайлар назардан тыс қалмауы керек.
Әйтпесе, сырт көзге жағдайы тәуір көрінгенімен, күнкөріс қамы қиындаған отбасы әлеуметтік қолдаудан айырылуы мүмкін. Ал керісінше, ресми деректерде тұрмысы төмен болып көрінгенімен, нақты жағдайы өзгеше отбасыларға көмек бөліну қаупі де бар.

Жәрдемақыдан айырылу еңбекке ынтаны төмендетпей ме?
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындала бастаған тұста қоғамда бірқатар түйткілдің беті ашылды. Көмектен қағылып қалмау үшін табысын жасыруға тырысқандар, отбасылық жағдайын қағаз жүзінде өзгерткендер ­туралы әңгімелер жиі айтылды. Тіпті тұрақты жұмысқа орналасса, алатын көмегі азайып немесе тоқтап қала ма деп қауіптеніп, еңбекке араласуға асықпаған азаматтарды да көрдік.
Жаңа тәртіпке қатысты алаңдаушылықтың бір себебі де осында. Егер азамат жұмысқа орналасып немесе жалақысын сәл өсіргені үшін бұрын алып келген жәрдемақысынан бірден айырылса, оның отбасы бюджетіне түсетін пайдасы мардымсыз болуы ықтимал. Мұндай жағдайда адам жұмыс істеп шаршағанша, үйде жатып дайын жәрдемақыға ие болуды таңдауы бек мүмкін.
Сондықтан мемлекеттік көмектің мақсаты азаматты жәрдемақыға тәуелді ету емес, қиын жағдайдан шығып, өз күнін өзі көруіне мүмкіндік жасау болуы керек. Ал әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі еңбек етуге кедергі келтірмей, керісінше, табысты арттыруға ынталандыратындай құрылуы маңызды. Отбасының табысы өскен сайын қолдау бірден толық тоқтай ма, әлде кезең-кезеңімен азая ма? Жұмыссыз қалған немесе күтпеген шығынға ұшыраған азаматтың жағдайы қаншалықты жедел ескеріледі? Осы сауалдардың жауабы жаңа жүйенің әлеуметтік нәтижесіне тікелей әсер етеді.
Әрине, табысы жеткілікті отбасыларға берілетін төлемдерді қайта қарау бюджеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретін шығар. Бірақ үнемдеудің әлеуметтік нәтижесі тек төлем алушылар санының азаюымен өлшенбеуі тиіс.
Егер жаңа жүйе бір жағынан қаражатты нақты мұқтаждарға бағыттап, екінші жағынан азаматтардың еңбек етуге деген ынтасын сақтаса, онда оның тиімділігі артады. Ал шекті талаптар тым күрт өзгеріп, табысы аздап көбейген отбасы бұрынғы көмектен бірден айырылса, бұл әлеуметтік қорғау мен экономикалық белсенділік арасындағы тепе-теңдікті бұзуы мүмкін.
Сондықтан реформаның нәтижесін бағалағанда қанша қаржы үнемделгенімен қатар, азаматтардың жұмыспен қамтылуына, табысының тұрақтануына және кедейлік тәуекелінің төмендеуіне ықпалын да қарастыру қажет.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
13 қазан 2026 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9445)

13 қазан 2026 ж.

№77 (9444).

10 қазан 2026 ж.

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031