Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 21 мың кімге бұйырады?

21 мың кімге бұйырады?

Осы айдан бастап қоғамда қызу талқыға түскен атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрі тағайындала бастады. Енді отбасының айлық табысы бір адамға шаққанда 20 789 теңгеден аспаса, әрбір балаға дәл осы сомада жәрдемақы беріледі. Ал, ата-аналарға қосымша ақы төленеді. Ондай көмек тұрмысы төмен барлық отбасыларға жасалады. Бұл дегеніміз, жаңа жүйе бала санына қарамайды. Табыстың мөлшері жоғарыдағы көрсеткіштен аспаса, 21 мың теңгенің жәрдемақысы бір баласы бар отбасыға да беріледі деген сөз.Бұл көмекке қол жеткізу үшін қайтпек керек? Жаңа жүйенің негізгі шарттарын сараптап көрелік.
Жәрдемақы кімге және қалай есептеледі?
Соңғы уақытта көпбалалы отбасылар мәселесі жиі көтеріліп жүр. Содан болар, бас кезінде «жаңа жәрдемақы тек осы санаттағы азаматтарға ғана беріледі» деген түсінік басым болды. Алайда, заң бойынша ондай көмек тұрмысы төмен барлық отбасыларға берілуі шарт. Тапсырма да солай. Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрін аз қамтылған көпбалалы және жағдайы төмен отбасыға алуы қажет. Ал жағдайы төмен отбасының қатарына бір баланы бағып отырған жалғыз басты ана да, екі баласы бар, бірақ жұмыс таппай жүрген ата-аналар да кіруі мүмкін. Сол себепті олар да 21 мың теңгелік жәрдемақы алуға құқылы. Отбасы мүшелерінің бір айлық табысы адам басына шаққанда 20 789 теңгеден (күнкөріс минимумның 70 проценті) аспаса, бір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы тағайындалады. Мәселен, бір ана жалғыз баласын асырап отыр. Ал, оның бір айлық жалақысы 40 000 теңгені құрайды. Осы ақшаны екі адамға бөлгенде тура 20 000 мыңнан келеді. Демек, отбасының бір айлық табысы адам басына шаққанда күнкөріс минимумның 70 проценті – 20 789 теңгеден аспайды. Заң бойынша балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы төленуі керек. Ал анасына 20 000 мен 20 789 теңгенің айырмашылығы төленеді. Сонда баланың жәрдемақысын қосқанда аталған отбасы ай сайын 22 мың теңгеге жуық атаулы әлеуметтік көмекті алып тұрады.
Қандай құжаттар қажет?
Әр балаға 21 мың теңгеден берілетін жәрдемақыны алу үшін жергілікті әкімдікке, халыққа қызмет көрсету орталығына, я болмаса, жұмыспен қамту орталығына жазбашат өтініш қалдыру қажет. Өтініште отбасының барлық мүшелерін жазып шығу қажет. Сонымен қатар, өзімен бірге жеке куәлікті ала барған жөн. Қалған жұмысты мемлекеттік қызметкерлер өздері атқарады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, мамандар өтініште көрсетілген барлық мәліметтерді электронды базамен салыстырады. Ал, қандай да бір құжат жетпей жатса, халықты ары-бері шапқылатпайды. Олар қажетті ақпаратқа өздері сұрау салып, тиісті мемлекеттік органдардан алдыртады. Сосын жәрдемақыны алу үшін тұрақты, я болмаса, уақытша тіркеу болуы шарт. Барлық құжаттарды алты айда бір рет жаңартып отырады. Өтінішті сәуір айының кез келген жұмыс күнінде беруге болады. Бәрібір жәрдемақы 1 сәуірден есептеледі.
Табысты есептегенде нені ескеру керек?
Жоғарыда айтқанымыздай, үйге кіретін табыс деңгейі әр адамға шаққанда 20 789 теңгеден аспауы қажет. Қосалқы шаруашылық пен зейнетақы да кірістің көзі болып есептеледі. Ал, көпбалалы отбасының бұған дейінгі мемлекеттік жәрдемақысы, «Күміс алқа» мен «Алтын алқа»-ның төлемақысы, мүгедек балалардың жәрдемақысы мен стипендиялары есепке алынбайды. Қазіргі заңнамаға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек кәмелеттік жасқа дейін төленеді. Бірақ бала колледж, я болмаса, университетке түсіп кетсе, артынан жоғары оқу орнынан кейінгі білім алса, жәрдемақы 23 жасқа дейін төлене береді.
Р.S: Жаңа жәрдемақының жайы осылай. Газеттің алдағы санына атаулы әлеуметтік көмек бойынша ауданда қандай шаруа атқарылып жатқанын баяндайтын боламыз.


Гүлхан ЯХИЯ.
09 сәуір 2019 ж. 1 275 0