Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалы үйге қолдау бар

Балалы үйге қолдау бар

Елімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында көмектің бірнеше түрі – көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі және қайырымдылық көмектер көрсетіліп келеді.
Мәселен, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында 1210 отбасының 6538 мүшесіне мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Сондай-ақ, кепілдендірілген әлеуметтік пакет үшін республикалық бюджеттен 162 мың 597 теңге қаржы қаралып, 3600 әлеуметтік топтама алушы балаға тартылған.
Аудан бюджетінде аз қамтамасыз етілген отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсетуге 21 мың 402 теңге қаражат қаралды. Сөйтіп жыл басынан бері тұрғын үй көмегін алуға 3 отбасының 14 мүшесіне 72,7 мың теңге тағайындалды.
Халықтың табыс көзін көбейтіп, олардың әл-ауқатын арттырудың негізгі бағыты – жұмыспен қамту. Осы мақсатта жұмыспен қамту органдарының ықпалымен 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бүгінгі күні жұмыссыз азаматтарға іскерлік бастамалары үшін 381 жұмыссызға қайтарымсыз гранттар берілді. Оның мөлшері 400 АЕК, яғни 1 225 200 теңгені құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» енгізілетін болады.
Отбасының цифрлық картасы – әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы» және көрсетілетін мемлекеттік қызметтің проактивті форматының жаңа құралы. Яғни, мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.
Бұл қалай жұмыс істейді?
Әуелі мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілген. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн отбасы және 19 млн оның мүшелері туралы деректер қамтылып, сондай-ақ «отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады.
Жаңа жобаның ең басты ерекшелігі – мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады.
Мұның тиімділігі сол, енді мемлекеттен әлеуметтік көмек алғысы келгендер мың сан құжат жинап, таныс жағаламайды.
Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Жолдауда көтерілген мәселелердің бірі келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі үшін жәрдемақы төлеу мерзімінің 1 жылдан 1,5 жасқа дейін ұлғаюы. Бұл қоғамда оң қолдау тауып отыр.
Жолдауда отбасын қолдау бағытындағы айтылған тағы бір мәселе «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру. Бұл – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысынан 18 жасқа дейінгі балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына қаражат аудару.
Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді, яғни балалар қаражатты кәмелет жасына толғаннан кейін баспана немесе білім алуына жұмсауға құқылы.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
22 қыркүйек 2022 ж. 435 0