Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге керек?

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге керек?


Елімізде өткен жылдан бастап аз қамтылған отбасыларға «мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» деп аталатын жәрдемақы тағайындалып келеді. Отбасы мүшелерінің еңбекке қабілеттілігіне қарай шартты және шартсыз болып бөлінетін жәрдемақы бойынша негізінен аудандық жұмыспен қамту бөлімі айналысады.

Өздеріңізге уәде еткеніміздей, аталған көмектің аудан тұрғындарына тағайындалу деңгейін баяндамақпыз. Жауапты бөлім мамандарының мәліметінше жыл басында атаулы әлеуметтік көмекке ауданнан 876 отбасы жүгінеді деп жоспарланған екен. Ол үшін республика мен аудандық бюджеттен 298 804 мың теңге бөлініп те қойған. Тұрғындардың өтінішін арнайы комиссия мүшелері қарап, тексеріп, нәтижесінде аз қамтылған 540 отбасыға, нақтырақ айтқанда 2931 аудан тұрғынына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып отыр. Ондағы 450 отбасыға көмектің шартты түрі берілген. Яғни, аталған отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар деген сөз.
– Шартты атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған 450 отбасының 2504 мүшесінің ішінде еңбекке қабілетті 169 азаматы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда, бос жұмыс орындарына 62 адам тұрақты жұмыспен, ақылы қоғамдық жұмысқа 102 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 4 адам, жастар тәжірибесімен 1 адам орналастырылды, – дейді жұмыспен қамту орталығының басшысы Алмат Алдабергенов.Бұл елді шулатқан 21 мыңға дейінгі әңгіме.
Ақпан айында өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII сьезінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған Н.Назарбаевтың берген тапсырмаларынан кейін жоғарыда айтылған «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа ережеге сәйкес 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап аз қамтылған және көп балалы отбасында тәрбиеленіп отырған әр балаға 20789 теңгеден және олардың ата-аналарына да заңда көрсетілген тәртіппен жәрдемақы тағайындау тапсырылды.
Сәуір айының алғашқы күнінен бас­тап аудандағы 21 мыңнан үміт еткен 2940 отбасыға жаңа заңның жөн-жобасы түсіндірілген. Сондай-ақ, бөлім қызметкерлері 165 тұрғынның өтінішін қабылдап, құжаттарын учаскелік комиссияға отбасының әлеуметтік жағдайына зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін жолдап отыр.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ.
16 сәуір 2019 ж. 1 601 0