Әскерге неге бармаймыз?
Әскер – әр азаматтың абыройлы міндеті. Алайда, қазіргі таңда ауданда Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарып жүрген жігіттер жетерлік. Әскер тұрмақ, тексерілуге келмей жүрген жеткіншектерді аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Р.Шарипаев атады.
Бөлім басшысының айтуынша, бірқатар мекемелер мен ұйымдар, ауылдық округтердегі жауапты мамандар мәліметтерді уақытылы жібермейді екен. Әсіресе, «Семізбай-U», «РУ-6», «Шиелі-Гежуба» цемент зауыты, «Шиелі тас» сынды мекемелердің әскерге шақырушыларды тексеруге келуін қамтамасыз етуі өте төмен деңгейде. Мәселен, бүгінге дейін «РУ-6» мекемесінен 14 адам медициналық тексеруге шақырылған, алайда оның төртеуі ғана тиісті орыннан табылған екен. Ал цемент зауытынан шақырылған 100 азаматтың жетеуі тексерістен өткен.
– Қазіргі таңда өңірде әскерге шақырту алған 1419 адам бар. Оның ішінде студенттердің саны – 230, келгені – 376, келмегені – 807, жолдама алып, іздеуде жүргені – 70. 2019 жылдың күзгі мерзімінде біз 42 азаматты әскерге жібердік. Биыл 376 жігіттің 10 пайызы әскерге жарамды деп танылды. Біз толық тапсырманы орындау үшін әлі 54 адам керек, – деді Р.Шарипаев.
Бұл көрсеткіштер аудандағы азаматтардың әскерге бару ынтасы төмен екенінен хабар беріп тұр. Ал аудан әкімі Ә.Оразбекұлы қорғаныс істер жөніндегі жұмыстың нашар жүруінен осындай жайт орын алып жатқанын тілге тиек етті. Содан кейін бөлім басшысына «Әскерден жалтарушы азаматтардың тізімін бұқаралық ақпарат құралдарына жариялап (қажет болған жағдайда ата-аналарының аты-жөні, қызметі, әлеуметтік жағдайы көрсетілсін), елді мекендердің қоғамдық кеңестерінде ашық түрде талқылауды ұйымдастырсын» деп қатаң тапсырма жүктеді.
Маржан Болатқызы