Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАҚТАУҒА ЛАЙЫҚ «LIKE SCHOOL»

МАҚТАУҒА ЛАЙЫҚ «LIKE SCHOOL»

«Талаптан да білім мен өнер үйрен» деп ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, әрқашан ізденісте болып, үйренбекке ұмтылудың адам баласына берері көп. Әсіресе, ­жастайынан өнерге, спортқа білімге ұмтылған балалардың болашағы жарқын болатыны белгілі. Иә, мына дамыған заманда бірдеңені үйренемін деген жанға мүмкіндік көп. Себебі бүгінде елдің түкпір-түкпірінен түрлі өнер орталықтары ашылып, жасөспірімдер мен балалардың болашағы үшін жұмыс істеуде. Солардың бірі – аудан орталығынан орын тепкен «Like school» спорт және өнер орталығы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, былтырғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Сондықтан 2022 жылды балалар үшін ең керемет жыл деп ауыз толтырып айтуға болады. Оған бір дәлел – «Like school» спорт және өнер орталығы. Аталған мектеп бүгінде ауданның өнерлі, талантты балаларын білім нәрімен сусындатып, аянбай дәріс беріп, әрі қарай дамып-өсуіне ықпал етіп жүрген орталықтардың біріне айналып үлгерген. Сондай-ақ бұл орталық бүлдіршіндерді өнерге баулып, сахна мәдениетіне үйретіп, дүбірлі додаларға қатыстырып, қоршаған ортамен қарым-қатынасын нығайту мақсатында аянбай еңбек етуде. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың күш-жігерін дұрыс бағытта жұмсау және бойындағы тұнып тұрған қабілетін ашу, өнерге баулу мақсатында 2022 жылдың 1-ші ақпанынан бастап бұл орталық «Like school» деген атпен өнер және спорт орталығы болып өз жұмысын бастады. Аталған орталықта қазіргі таңда «Шахмат», «Шешендік өнер», «Сурет», «Домбыра», «Бисермен өру», «Би», «Панкратион» және «Грэпплинг» сынды түрлі үйірмелер қарқынды жұмыс істеуде. Үйірме жетекшілері мен оқушылары бір жылдың ішінде көптеген жетістіктерге жетіп үлгерген. Яғни халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан жүлделі орындаға ие болып, ауданның мәртебесін асқақтатуда. Бір жыл демекші, жуырда ғана Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Like school» спорт және өнер мектебінің «Болашағы біз елдің!» атты бір жылдық есеп беру кеші өтті.
Салтанатты кешке эстрада жұлдызы, әнші Әділет Жауғашар сондай-ақ ­аудан өнерпаздары мен бірқатар сала мамандары қатысты. Аталған кешті театр және кино актері Бекболат Әбілов тізгіндеді. Мерекелік шарада ең алдымен «Like school» өнер және спорт мектебінің жалпы тарихы «лэд» экраны арқылы көрсетілді. Оқушылар үйінің директоры Бауыржан Әбішев орталықтың бір жылдық есеп беру кешімен құттықтап, көрермендерге өз ыстық лебізін жеткізді. Құттықтау сөзден кейін «Like school» өнер және спорт орталығының домбырашылары «Халық күйі кеңес» сондай-ақ «Келіншек» күйін орындады. Және де «Еңбек Даңқы» төс белгісінің иегері Динара Оразованың жетекшілігімен үйірмірме бишілері «Сыйлық» биін мың бұрала билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Өнер көрсетуден ән үйірмесінің оқушылары да қалыс қалған жоқ. Олар «Қазақ елім байтағым» әнімен сахнаға шығып, көпшіліктің жүрегінен жол тапты. Мұнан соң сахнада оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, мерекелік кешті керемет көңіл-күймен жалғады. Бірі күй шертіп, ұлттық аспапты ұлықтаса, енді бірі би биледі. Атап айтар болсақ, іс-шара барысында «Домбыра» үйірмесінің оқушылары «Секіртпе» күйін шертсе, «Еркем-ай» бишілер тобы заманауи биімен қалың жұртшылыққа мерекелік әсер сыйлады. Сонымен қатар Егеубай Шыңғыс «Кімсің десең» әнімен тыңдармандарды таң қалдырды. Ал салтанатты шараға арнайы қонақ ретінде шақыртылған Әділет Жауғашар өзінің қоңыр үнімен аудан тұрғындарын тәнті етті. Мерекелік кеш соңында «Like school» спорт және өнер мектебінің оқушыларына марапаттар беріліп, арнайы сыйлықтар табысталды. Марапат табыстау рәсімінен кейін кеш қонақтары мен қатысушылары естелік суретке түсті.

Сымбат СҰЛТАН
14 ақпан 2023 ж. 164 0