Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент кеңесшісі қаламгерлермен кездесті

Президент кеңесшісі қаламгерлермен кездесті



Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Сыр өңіріне іссапармен келді. Ол Мемлекет басшысының кеңесші ретіндегі өңірге алғашқы сапарын қаламгерлермен кездесуден бастап, «Сыр медиа» ЖШС-да БАҚ өкілдерімен жиын өткізді.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, қаламгерлердің елімізде және өңірімізде жасалып жатқан тың реформаларды халыққа түсіндіру, насихаттау арқылы аймақ дамуын ақпараттық қолдаудағы зор үлесін айрықша атап өтті.


– Сыр журналистері Мемлекет басшысының реформалармен, елде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен бірінші болып танысып, оларды халыққа жеткізуде үлкен жұмыс жүргізуде. Соның арқасында облысымыз өткен үлкен саяси науқан – Президент сайлауына қатысуда айрықша белсенділік танытып, халықтың жаңашылдыққа, жақсылыққа ұмтылысын көрсетті, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Өз кезегінде Мәлік Отарбаев былтырғы референдум, конституциялық реформалар, Президент сайлауы, алдағы Парламент сайлауы секілді елдің саяси өміріндегі елеулі өзгерістерге тоқталды. Мұның барлығы – ел дамуының жаңа кезеңіне ілгері қадам басуына үлкен бастамалар екенін атап өтті.
– Былтырғы қаңтардағы қасіретті жағдай баршамызға ауыр тиді. Қордаланған көптеген мәселенің беті ашылды. Халық – біз, мемлекет – біздікі болғандықтан, жалғыз отанымыз Қазақстан болғандықтан, жауапкершілікті мойнымызға аламыз. Сол қордаланған мәселелерді шешуге жұмыс істейміз, ел болып атсалысамыз. Ішімізде мәселе туындаса, жан-жақты саралай келе, оған шын жауапты екенімізді сезінеміз. Сондықтан саяси реформалар ел-жұртты дүрліктіру, қоғам бірдеңемен шұғылдансын деген мақсатпен жасалып отырған жоқ. Барлығы – мемлекеттің дамуы үшін. Президентіміз оны жақсы сезінеді. Өңірлердегі, шалғай ауылдардағы жағдай, ел өмірінің әлеуметтік-экономикалық, саяси тұстарының барлығын таразылай отырып, реформалар қабылданып отыр, – деді Мәлік Отарбаев.
Жиында «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев Мәлік Отарбаевтың қызмет жолына, «Диалог» Еуразия-Қазақстан» басылымы, «Қаламгер» журналы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы атқарған қызметтерін, әдебиет, аударма саласына сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, оң сапар тіледі.
Сондай-ақ, БАҚ саласындағы бірқатар мәселелерді айтты. Жақында Астанада өңірлік мерзімді басылымдар форумы өткен болатын. Сонда серіктестік тәжірибесі Ақпарат және қоғамдық даму министрі, басқа да форум қатысушылары тарапынан жоғары бағаланып, Қызылорда журналистерінің жетістіктері үлгі етілді.
– Сол форумда өткір мәселелерді он тарау қылып айттық. Журналистердің әлеуметтік жағдайы, мәртебесі бойынша ұсынысымызды бердік. Аймақ журналистерінің барлығының мұң-мұқтажы сол он ұсыныстың ішінде бар. Ең басты мәселе – қаражат, журналистер жалақысының аздығы. Мәселе жергілікті жерде, министрлік тарапынан да мемлекеттік тапсырысты түбегейлі қайта қарауға әкелетін секілді, – деді Аманжол Оңғарбаев.
Өз кезегінде Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы БАҚ беттерін үнемі қадағалап, қарап отырғанын айтты. «Президент газет оқиды, ақпарат саласына көзқарасы оң, құрметі зор» деді ол. Ал саланың өзекті мәселелері өткен айда тұжырымдамасы талқылауға ұсынылған «Масс-медиа туралы» заң жобасымен реттелетініне сенім білдірді.
Жиында ардагер, «Кәсіпкер келбеті» газетінің бас редакторы Жүзбай Таңрықбаев Сыр елінде атқарылып жатқан ауқымды істерге, аймақ жетістіктеріне тоқталды.
– Өңірде шыны зауыты ашылып, өнім беруде. Құрылыс саласы қарқын алып, мәдениет және спорт нысандары, «Неке сарайы», «Анаға тағзым орталығы», «Өнер орталығы» бой көтеруде. Тұрғын үйлер көптеп салынуда. Газдандыру бойынша да ауқымды істер атқарылып, ауылдық жерлер «көгілдір отын» игілігін көре бастады. Бұл – бірліктің, билік пен халық арасында байланыс болғанының арқасы, – деді ол.
Сондай-ақ, аймақ басшысының облысты дамытудағы батыл бастамалары мен инвестиция тартудағы еңбегін де айрықша атап өтті. Белгілі тележурналист Айткүл Шалғынбаева журналист мәртебесі мәселесін қозғады.
– Қоғамды түзеу үшін қаламгерлер қауымы шындықты жазуы керек. Тәуелсіздіктің алғашы он жылында бізде еркіндік болды. Журналистер өте жемісті еңбек етті. Шындықты ашық жазып, жаңа заман тынысын, нарықтық экономиканы халыққа түсіндірді. Бүгінгідей саяси реформа жүзеге асып жатқан тұста да журналистердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін заң нормасы керек. 2022 жылы әлем бойынша 62 журналист қаза тапқан екен. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Журналистерге қоқан-лоқы да бар. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен сөз бостандығына кепіл болатын заң қажет, – деді Айткүл Шалғынбаева.
Жиында алдағы сайлауға қатысты да ой-пікірлер айтылды. Науқан кезінде журналистер жұмысына ешқандай тосқауыл болмай, анықталған заңбұзушылықтарды мүдделі органға жеткізуге мүмкіндік жасалуы керегі сөз болды. Сондай-ақ, БАҚ саласынан бөлек, идеология, отбасы құндылықтары, руханият саласы мен әдебиетті қолдау бойынша ұсыныстар айтылып, кездесу еркін форматта өтті.
Кездесу соңында Аманжол Оңғарбаев Мәлік Отарбаевқа Сыр журналистерінің облыстағы киелі жерлерге, ескерткіштерге сапарлар ұйымдастырып дайындаған «Сыр бойының сакралды ескерткіштері» кітабын сыйға тартты. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі халыққа қажетті ақпаратты дер кезінде жеткізіп, тынбай атқарған қызметі үшін барша Сыр қаламгерлеріне ризашылық білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Биболат СӘТЖАН
16 ақпан 2023 ж. 176 0