Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алты орындық көлікте 20 адам отырамыз» – Қызылордада оқушылар мектепке қайықпен қатынап жүр

«Алты орындық көлікте 20 адам отырамыз» – Қызылордада оқушылар мектепке қайықпен қатынап жүр

Қызылорда облысы Арал ауданы Ақшатау ауылының оқушылары білім алу үшін өмірін қатерге тігуге мәжбүр. Себебі мектепке қыста Сырдария өзені үстіне салынған қалқымалы көпір арқылы, күн жылыса қайықпен қатынайды. Бұл туралы Aikyn.kz AstanaTV-ға сілтеме жасап хабарлайды.

«Алты орындық көлікте 20 адам отырамыз» – Қызылордада оқушылар мектепке қайықпен қатынап жүр

Ата-аналар қайықтың қауіпті екенін білсе де, басқа амалы жоқ. Ауылдағы бастауыш сынып оқушылары оқитын жалғыз мектеп те талапқа сай емес.
Ақшатаудың бастауыш сыныпты тәмамдаған оқушылары 6 орындық шағын көлікке 20-ға жуық оқушы тығылысып мінеді. Бірнеше шақырым кедір-бұдыр жолмен жүріп, қалқымалы көпірден өтеді.
Оқушы Қаһарман Айжарықұлы: «Интернатқа қатынау қиын. Ауылымыз алыс. Өзеннен қыста өткен кезде мұз жарылып кете ме деп қорқамыз. Қайықпен өткен кезіміз де болды. Шаршаймыз», – дейді.
Тұрғындардың айтуынша, дарияның мұзы еріген уақытта қалқымалы көпірді де алып тастайды. Балалар жанын шүберекке түйіп, арғы бетке қайықпен өтеді. Ата-аналар балаларымыздың амандығын тілегеннен өзге амалымыз жоқ деп отыр.
Ақшатау ауылының тұрғыны Динара Сабирова: «Барғаннан кейін балалар аман-есен өттіңдер ме, хабарласып айт дейміз. Бір уайымымыз сол болып тұр. Балаларымыз ХХІ ғасырға сәйкес, білім алса дейміз», – дейді.
Ауылдағы бастауыш сынып оқушылары бұрынғы балықшыларға арналған жатақханада білім алады. Қабырғасы қақыраған 2 бөлмелі ғимараттың жылуы да мардымсыз екенін айтады ата-аналар. Балаларға спортзалда доп тебу арман. Ал тұрғындар жергілікті биліктегілер 2017 жылдан бері құр уәдемен алдаусыратып келеді деп отыр. Ауыл әкімі болса, бұл жолы да жаңа мектеп құрылысының нақты қашан басталатынын айта алмады.

Аманөткел ауылдық округінің әкімі Қайрат Әбдіраманов: «2023 жылға салынуы керек болатын. Бірақ кеше халықтың санына байланысты өткен жобаны өзгертті. Ауданда бірінші кезекте апаттық жағдайдағы мектептер, одан кейін 3 ауысымды мектептер бар. Бұл мектептер, бірінші кезекте тұр. Енді біздің облыс әкімімен келісіміміз бар. Алдағы сессиядан 2023 жылға ең құрығанда бастандырып кетуге жұмыс істеп жатыр», – деді.

Ауыл әкімі қазір  жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайын екенін айтты. Бірақ биліктегілердің кезекті уәдесі жүзеге асқанша, балалар қайықпен сабаққа баруға мәжбүр.
31 қаңтар 2023 ж. 175 0