Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылды қорытындылады

Жылды қорытындылады

Облыстық сотта 2022 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Қорытынды кеңеске облыстық сот төрағасы, алқа төрағалары, судьялары, Соттар әкімшісінің басшылығы және аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.

Кеңес жұмысын облыстық соттың төрағасы Әділхади Шығамбаев ашып, облыс соттары жұмыстарының қорытындысымен таныстырды.


Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы М.Еркінбековтің, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Текетаевтың және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Оспанованың есептері тыңдалды. Олар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асыру барысындағы сандық және сапалық көрсеткіштеріне тоқталып өтті.
Отырыста баяндалған статистикаға сәйкес, есепті мерзімде соттар өндірісіне 1060 қылмыстық іс, 12686 әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс, 18 457 талап қою, 516 азаматтық іс, 825 әкімшілік іс түскен.
Облыс соттарында есепті кезеңде медиация тәртібімен 111 қылмыстық іс, 1890 азаматтық іс, 94 әкімшілік іс медиациялық келісіммен аяқталса, татуласу келісімі негізінде 109 азаматтық, 2 әкімшілік іс, ал партисипативтік рәсім тәртібімен 22 азаматтық іс өндірістен қысқартылған. Татуласу шаралары 2021 жылмен салыстырғанда біршама артқан.
Кеңесте судья әдебі бойынша облыстық соттың судьясы, комиссия төрағасы С.Жуынтаеваның, соттардың баспасөзбен байланыс жұмысы бойынша облыстық соттың судьясы, үйлестіруші Ш.Маликованың баяндамалары тыңдалды.
Жиында облыс бойынша Соттар әкімшісінің басшысы С.Сүлеймен материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сот жұмысын ұйымдастыру, кадр мәселесі бойынша баяндама жасады. Жыл көлемінде облыстық және қалалық соттардың ғимаратына жөндеу жүргізілген. Жаңадан кеңсе-техникалық құралдар, мәжіліс, сот залдары мен бөлмелерге жиһаздар алынып, фронт офис қайта жасақталып, ақпаратпен қамтитын LED экрандар орналастырылғанын айтып, бөлінген қаражат 100% игерілгенін атап өтті.


Сонымен қатар облыстық соттың ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімінің бас маманы Т.Райымбеков қауіпсіздік, ғимаратқа кіріп-шығу ережесінің сақталуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ақпаратын бөлісті.
Кеңейтілген кеңестегі соңғы мәселе бойынша облыстық сот судьясы Е.Тұрбаев сот жюриінде мәселесі қаралған судьяларға тоқталып өтті.
Кеңесті қорытындылаған Ә.Шығамбаев сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту бойынша алдағы атқарылатын жұмыстар мен тапсырмаларды айқындады. Ұжымға жаңа жұмыс жылына сәттілік тілеп, сот ісін жүргізу мен тәртіп мәселесін басты назарда ұстауды тапсырды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі
30 қаңтар 2023 ж. 268 0