ЖАСТАРҒА ЖЕҢІЛДІКПЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ
Еліміз үшін кәсіпкерлікті дамыту – басты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасына орай бірнеше жоба іске асуда. Осыған байланысты жеңілдетілген несие берудің жаңа тетігі әзірленді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдан бастап күшіне енген Ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен микрокредит беру қағидасын бекітті.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдан бастап күшіне енген Ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен микрокредит беру қағидасын бекітті.
Жеңілдікпен берілетін несиеге тек 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар ғана қол жеткізе алады. Олар бұл несиеге жаңадан іс бастап не жасап жатқан кәсібін кеңейте алады. Үміткерлер тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызмет көрсету, сату не айырбастау үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті іске асыру керек. Сонда ғана конкурстық негізде беретін микрокредитке қол жеткізе алады.
Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Қарыздың ең жоғары сомасы 5 млн теңгеге дейін және ол үшін кепілдің болуы міндетті. Жастарға жеңілдікпен берілетін микрокредитті кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Мүмкіндікті пайдалана білген адамға бұл жолы жастарға берілетін несие үшін әжептеуір қаржы қарастырылып отыр. Нақтырақ айтқанда республикалық бюджеттен жастарды микрокредитпен қаржыландырудың осы тетігін іске асыру үшін 28 млрд теңгеден аса қаржы бөлу көзделген. Егер мүмкіндік толығымен пайдаланылса 5,7 мың жасты жеңілдетілген несиемен қамтуға болады.
Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі жергілікті атқарушы органдармен кредиттік шарт жасасу, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-мен жергілікті атқарушы органдардың тапсырма шартын жасасу, бизнес-жобаларды қарау бойынша өңірлік комиссиялар құру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Содан соң микрокредит алуға өтінім қабылдау уақыты белгілі болады.
Гүлхан ЯХИЯ