«7-20-25» ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ
Ұлттық банкі «7-20-25 Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй несиелеу бағдарламасын бекітті. Ол, 2018 жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылуы тиіс. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарлама мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 наурыздағы халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде айтылған бірінші әлеуметтік бастаманы іске асыру шеңберінде әзірленді. «Үйі бірдің күйі бір» демекші Елбасы наурыз айында болған парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздегі әрбір отбасының баспаналы болу мәселесін айтып, «7-20-25» бағдарламасын ұсынған болатын. Президент өз сөзінде өткен жылдың өзінде 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенімен көптеген отбасылар әлі де баспанасыз жүргендігін жеткізді. Қазіргі бағдарлама барлығының бірдей отбасылық бюджетіне сай келмейтінін, жаңа бағдарламаның арқасында әрбір жұмыс істеуші пәтер сатып алатындай мүмкіндіктер жасалу керектігін мәлімдеген болатын.
Ұлттық банк мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып,«7-20-25» бағдарламасын қабылдады. Бағдарламаның тиімді тұстары атап айтқанда несие өсімі жылына 7 пайыздан аспайды, яғни қазіргідей 14-16 пайыздық емес. Бастапқы жарна қазіргі таңда 30-50 пайызды құраса, жаңа бағдарлама
бойынша ол 20 пайыздан аспайды. Несие мерзімі 10-15 жыл емес 25 жылға дейін болады.
Несиені кез келген ҚР азаматы ала алады, тек тұрақты жұмыс орныңыз немесе жеке бизнесіңіз болуы қажет. Сонымен бірге жеке басыңызда тұрғын үй болмауы тиіс. Несие тек жаңадан пайдалануға берілген баспаналарға беріледі. Ипотеканың шектік мөлшері Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 25 млн. теңге болса, өзге қалаларда 15 млн. теңге көлемінде.Бұл көрсеткіш тұрғындардың табыс мөлшерлеріне негізделіп жасалынған. Бағдарламаның талаптарына сәйкес, банктердің қарыз бергені және қызмет көрсеткені үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ. Қандай екінші деңгейлі банктер бағдарлама аясында несие беретіні әлі де бекітілмеген, нақтыланған жағдайда тізім Ұлттық банктың сайтында жарияланады.
Сондай-ақ, «7-20-25» бағдарламаның талаптарын түсіндіру үшін Қазақстан Ұлттық банкінің «ҚҰБ «Online» мобильдік қосымшасында 2018 жылғы 19 маусымнан бастап «7-20-25» жаңа бөлімі іске қосылды.
Рамазан Әнәпия,
Қорқыт ата атындағы
ҚМУ студенті.