Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кент келбеті көріктене береді

Кент келбеті көріктене береді

«Уақыт кернеуіне бөгет жоқ» демекші, міне, көзді ашып, жұмғанша тағы да бір жыл тарих қойнауына еніп, жаңа жылға қадам бастық. Өткен жыл аудан үшін жемісті жылдардың бірі болды. Бұрын-соңды болмаған игілікті істер атқарылып, халықтың әл-ауқаты біршама жақсарды деуге негіз бар. Әлеуметтік нысандардың қатары көбейіп, ауылдарда жаңадан келбетті ғимараттар бой көтерді. Жұмыссыздық деңгейінің пайыздық мөлшері төмендеп, шағын және орта бизнеспен айналысушылар саны көбейді. Мәдениет пен спорт салаларында да тың серпілістер орын алды. Елді-мекендердің ажары да айшықталып, ауылдар көркейе түсті. Бірқатар маңызы бар жолдар, мен жол тораптары жөндеуден өтті. Білім саласында да айтарлықтай өзгерістер болып, бірнеше білім беру нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргілзіліп, бала-бақшалар салынды. Атап айтқанда, мұндай игілікті істерге былтыр мемлекеттік бюджеттен барлығы 1 млрд 960 млн теңге қаржы бөлінді. (РБ – 683 млн тг, ОБ – 648 млн тг, АБ – 629 млн тг)
Жер бетінің қайсыбір дамушы ел болмасын алдымен білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау саласының тамырына қан жүгіртуге айрықша күш салады. Өйткені бұқара халық үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырмай дамудың даңғыл жолына түсу мүмкін емес. Мұны жүзеге асыру бір бөлек те, аталған салаларды дамыту, ғимараттары мен кәсіби құрал-жабдықтарын заманға сай жаңартып, жетілдіріп отыру бөлек шаруа. Бұл тұрғыда жас мемлекеттің бүгінге дейін жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Осы мақсаттың ұшқынымен Шиелі ауданында да ауқымды жобалар жасалады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жыл өткен сайын мұндағы құрылыс қарқыны да, әр-түрлі салалар да алға өрлеп келеді. Ал 2023 жылы қандай маңызды жұмыстар жүзеге асырылмақ?
Келер жылы да кент келбетін көріктендіру ісі кемелденеді. Осы жылдың еншісіне «Ауыл-Ел бесігі» жобасы бойынша кент және елді-мекендердің көшелерін жөндеуге қазынадан 511 млн теңге қаражат бөлінгенін сүйіншілемеуге болмайды. Бұған қоса, кент ішілік көшелерді жөндеуге облыс әкімінің тікелей қолдауымен облыстық бюджеттен 563 млн теңге қаржы қаралып отыр. Сондай-ақ, Сұлутөбе елді-мекеніне кіре беріс жолды күрделі жөндеуден өткізуге 264 млн теңге қаржы жұмсалмақ.
Ал бұдан бөлек алдағы уақытта кент орталығында абаттандыру мен көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл бөлініп, қоршаған ортаның тазалық жұмыстарына баса назар аударылмақ. Осы мақсатта, кент ішіндегі көшелерді орташа жөндеуден өткізуге қосымша 1 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың қаралуы жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда аудан бойынша сапалы ауыз сумен 34 елді мекеннің 88 пароценті, 85 мыңнан аса тұрғынның 98 пайызы қамтамасыз етілген. Ақтам, Қосүйеңкі, Қызылқайың елді-мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 752 млн теңге қаржы қаралуда. Жуантөбе және Лесхоз елді мекендеріне су тұшытқыш құралын орнатуға қажетті 34 млн 456 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды. Осы жобалар іске асқан жағдайда аудан халқы толық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмек.
Халыққа ең қажетті әрине, көгілдір отын мәселесі. Бұл мәселе бойынша осыған дейін ауданда көптеген жұмыстар атқарылғаны есте. Нәтижесінде, Шиелі кенті және Ы.Жахаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов ауылдары көгілдір отынға қосылып, аудан халқының 68 проценті күнделікті көгілдір отын пайдалануда. Дегенмен, мұнымен шектеліп қалмай, келер жылы жалпы құны 4 млрд 900 млн теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, Еңбекші, Жиделіарық елді-мекендеріне газ жүйесін тарту үшін республикалық бюджеттен 442 млн 513 мың теңге қаржы бөлінсе, Алмалы, Телікөл, Ақтоған, Бестам ауылдық округтеріне газ жүйесін тарту үшін жобалар тиісті министрліктерге жолданды. Ал, Тартоғай елді мекенінің тұсынан Мұстафа Шоқай автоматтандырылған газ бөлу стансасы құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде.
Жоғарыда аталған жобалар іске асқан жағдайда аудан халқының 85 проценті көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады. Бұл халықтың тұрмыс тіршілігін жеңілдетіп, табиғаттың экологиялық жағдайының жақсаруына ықпал етеді.

Сымбат СЕРІКҚЫЗЫ
11 қаңтар 2023 ж. 422 0