Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМНІҢ САЛТАНАТ ҚҰРУЫ

БІЛІМНІҢ САЛТАНАТ ҚҰРУЫ

Рухани жаңғыру мен эволюциялық даму үшін жоғары бәсекелік қабілет пен прагматикалық ойлау, ұлттық бірегейлікті сақтау, жаңалықтар мен тың өзгерістерге ашық болу және білімді бар істің бастамасы ету маңызды.
«Болашақта кез келген ел экономикасында еңбекке қабілетті тұрғындардың тек 20-30 проценті ғана қамтылатын болады. Қалған 70-80 процент бөлігі оқуға ден қояды, қоғамдық еңбекпен шұғылданады, мәдениет, өнер, рухани салада қызмет ететін адамдардың үлесі айтарлықтай артады» деген болжамдар айтылып жүр.
Идеология – қоғамның рухани темірқазығы, әр азаматтың ішкі сеніміне айналған тұжырым. Мысалы, АҚШ азаматтары өз елін «армандар орындалатын мекен», «бәрiнен мықты ел» деп таниды емес пе?! Қытайды тек өздері ғана емес өзгелер де «аспан асты елі» деп атап кеткен. Израильдің өзі «Бiз Құдайдың назары түскен елмiз» дейді. Біз де «Қазақстан – жер жәннаты Жерұйық» екенін, «Мәңгілік ел» болатынымызды одан әрі нықтай түсуіміз қажет. Өзге елдер бізді осы «Мәңгілік ел» атауымен қатар айтса жақсы емес пе? Сондықтан, ендігі жерде тек атап қана қоймай, солай қылу үшін аянбай тер төгу керек. Ол үшiн не қажет? Қажеттінің барлығын Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тайға таңба басқандай көрсетіп отыр. Алғашқы әрі басты жолы – жоғарыда айтып өткен білімнің салтанат құруы.
Келешекте ғылым-білім, ақпарат кез келген экономиканың басты құрамдас бөлігіне айнала отырып, қоғамда зияткерлер мен мәдениет қайраткерлерінің әлеуметтік тобы басымдық танытады. Бұл басымдық тек билік пен саясатқа қатысты жағдай емес, сонымен қатар меншікке де қатысты болмақ. Осы тұрғысынан алғанда, зияткерлік меншік қазіргінің өнеркәсіпке, қорларға, жылжымайтын мүлікке деген жекеменшік түрлерін ығыстырып, меншіктің билеуші формасына айналады. Осының барлығы да Н.Назарбаев айтып кеткен білімнің салтанат құруының нәтижесі болмақ.
Тек рухани дүниесі кемел, білімі жетік азамат артында үлгі боларлық іс атқарады. Мұндай азаматтардың есімі бір әулеттің немесе ұжымның, өлкенің, мемлекеттің тарихында сақталады. Сол себепті, әр адам қандай істі қолға алса да, кемелдікке ұмтылғаны абзал.
«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – делінген мақалада. Демек, бүгінгі қоғам мүшелері өз ісінің үздігі болуға ұмтылуы тиіс. Мейлі қай саланың маманы болмасын өз ісін жетік меңгерсе, жұмысын бар ынта-жігерімен жасаса ұжымына сыйлы болып қана қоймай ел дамуына қосқан үлесі болары анық.

09 желтоқсан 2022 ж. 329 0