Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕЙЛІ МАРАПАТ

МЕРЕЙЛІ МАРАПАТ

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезектен тыс өткен Президент сайлауында белсенділік танытқан азаматтар ҚР Президентінің, облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, жиында «Birge – Taza Qazaqstan» тазалық науқаны аясында аудан тазалығын сақтауға үлес қосқан азаматтарға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттары, облыс әкімінің қолдауымен демалыс орындарына жолдама, су сорғысы, облыс әкімінің және облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың атынан алғыс хаттар табысталды.
Жиынды ашып, жүргізген аудан әкімі Нұржан Ахатов кезектен тыс Президент сайлауында және жыл көлемінде Шиелі ауданында жүргізілген тазалық шараларында белсенділік танытқан азаматтарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, жиында «Birge – Taza Qazaqstan» тазалық науқанына атсалысқан 2 азаматқа облыс әкімінің қолдауымен демалыс орындарына жолдама, Қоғалы ауылдық округіне су айдайтын насос қондырғысының сертификаты табысталды.
Қоса кеткен жөн, Нұржан Ахатов аудан әкімі болып тағайындалысымен кенттің тазалығын бірден қолға алды. Апта сайын түрлі сенбіліктер ұйымдастырып, өңірдің өңін ашуға, гүлдендіруге, қоқыстан арылтуға барын салуда. Біз бұның бәрін басылым бетіне шығарып жүрміз. Кент орталығында мұнтаздай тазалықты мұрат тұтқан эконауқанның біразы ұйымшылдықпен өтті. Атап өту керек, тазалық шарасына қатысушылар қажетті құрал-жабдықтар, қолғаптар және қоқыс салатын қаптармен қамтамасыз етіліп, 11 техника жұмылдырылды. Сенбілікке мекеме, кәсіпорын, дербес бөлімдер, теміржол мекемелері, аурухана ұжымдары мен кəсіпкерлік нысандар жəне кент тұрғындары да белсенділік танытты. Аудандағы жаппай жүргізілген мезеттік санитарлық тазалық жұмыстары кезінде кент орталығының өзінен 30 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылған. Жалпы аталған акцияның негізгі мақсаты – өздері тұрып жатқан елді мекенді түрлі қоқыстан тазарту ғана емес, жалпы жұрт бойындағы экологиялық мәдениетті жетілдіру.

"Өскен өңір" ақпарат агенттігі
08 желтоқсан 2022 ж. 146 0