Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Солтүстік пен шығысқа кел, қалқатай!

Солтүстік пен шығысқа кел, қалқатай!

Картинки по запросу көшіп кетуӨткен аптада аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарына 2 722 бос жұмыс орындары ұсынылды. Иә, дәл солай. Аудан азаматтарының екі қолға бір күрек табуларына толық мүмкіндік болды. Әрине, бұл  аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткен Солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныстандыруға байланысты жәрмеңке еді.
Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының жұмыс берушілер делегациясы ауданда болып, ол жақтың тыныс-тіршілігімен, табиғатымен ең бастысы осынау бағдарлама аясында түстіккке қоныс аударушыларға көрсетілетін жеңілдіктерді назарға салды.  Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов ашып, кездесудің мән-маңызына тоқталды.
Мұнан әрі бейнероликтер арқылы Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстары туралы ақпараттар жәрмеңкеге қатысушы 137 тұрғынның назарына ұсынылды.
Айта кету керек, аудандық 13 жұмыс беруші мекемелер тарапынан да 31 бос жұмыс орынына мамандарға сұраныс түсті. Оның ішінде «Волковгеология» АҚ филиалы №23 ГБЭ мекмесіне тракторшы, «Уранқуат» ЖШС мекемесіне 4-санатты электромонтер, «Думан-Шиелі» ЖШС мекемесіне слесарь-сантехник, Гигант ауылдық округ әкімінің аппаратына автокөлік жүргізушісі, жеке «Аяулым» және «Абылай» бала бақша яслилеріне тәрбиешінің көмекшісі бос жұмыс орындарына аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан жолдамалар берілді.
Ал, Гигант ауылында орналасқан «Асылхан» шаруа қожалығына «Инженер-технолог», «Технолог» және Майлытоғай ауылында орналасқан №141 Қ.Сәбиров атындағы орта мектебіне «Инженер-жүйетехник», №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясына орыс сыныбы үшін «Математика пәнінің мұғалімі» бос жұмыс орындарына үміткерлер табылмағандығы белгілі болды.
Дәл осы жәрмеңке тура бір ай бұрын да ұймдастырылған болатын. Сонда  511 жұмыс беруші мекемеден 1767 бос жұмыс орны ұсынылып, Павлодар облысына 32 азамат, ал Солтүстік Қазақстан облысына 45 азамат қоныс аударуға ниет білдірген болатын. 
Ал, бұл жолы Шығыс Қазақстан облысына 8, Павлодар облысына 6 және Қостанай облысына 4 азамат қоныс аударуға ықыласты екендіктерін жеткізді.
Қоныс аударуға ниетті жұмыссыз азаматтарға аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бұл дегеніміз, жұмыс таппай, тіршілік жасап, тұрмыс түзеймін деген жанға зор мүмкіндік екендігі сөзсіз. Бұлай демегенде ше? Жұмыспен қамтыса, баспана мәселесі де оңғарылса, асықтың алшысынан түсуі деген осы шығар, бәлкім.
Ендеше, көш көлікті болсын, ағайын!
Дина ЖҮСІПОВА.
16 сәуір 2018 ж. 882 0