Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 22 мың шақалақ шала туады

22 мың шақалақ шала туады

Шала туған балалар – бұл медициналық және әлеуметтік проблема. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын­ олардың саны азаяр емес. Оның сыртында жәрдемші репродуктивті технологияларды белсенді енгізуге байланысты бұған дейін бала көтермей келген әйелдер де ана болу бақытына қол жеткізуде. Денеден тыс ұрықтандыру сияқты технологиялар акушер-гинекологтар мен педиатр-неонатологтар үшін тың жұмыс болып табылады. Дей тұрсақта, мерзімінен бұрын босанушылар саны өсіп келеді. Демек, дәрігерлердің көмегіне мұқтаж бөбектер қатары да көбейе түсуде. Сондықтан да бүгінгі мақаланы шала туған бүлдіршіндер мәселесіне арнамақпыз. Өйткені, біз олар туралы өте аз білеміз, олай болса ондай сәбилерді күтіп жетілдіру ата-аналар үшін де елеулі қиындықтар туғызады.
Жыл сайын әлемде 15 миллион сәби, ал Қазақстанда 22 мыңға жуық сәби шала туады екен. Денсаулық сақтау министрінің мәліметіне сүйенсек 2022 жылдың 9 ­айында елімізде 299 711 сәби дүниеге келсе, олардың 16,3 мыңы мерзімінен бұрын туған сәбилер санатына жатады. Ал «Шала балалар неліктен дүниеге келеді?» деген сауалымызға акушер-генеколог Г.Кенесбаева «Әрине, оған бірде-бір дәрігер 100 процент дәлдікпен жауап бере алмайды. Өйткені оның себептері көп. Дегенмен мерзімінен бұрын босануға түрткі болатын ең негізгі деген себептерді атап көрсетуге болады. Ең негізгілерінің бірі сыртқы факторларға, әсіресе, болашақ ана жұмысының химиялық, зиянды өндіріске қатыстылығына байланысты орын алады. Ұзақ уақыт тігінен-тік тұру, ұзақ жүріс немесе бір қалыпта отыру өте ­зиянды. Әйелдің ішкі жағдайы да, оның өз жүктілігіне көзқарасы шектен тыс үрейлену, стресс, толқу, баланың тууын қаламау немесе күйеуінің болмауы тәуекелді еселендіре түседі. Сондықтан болашақ ана бүкіл алаңдаушылықтар мен үрейлерді ысырып қойып, сабырлылықпен нәресте туралы ғана ойлауы тиіс», – дейді.
Жаңа туған нәресте, егер ол шала туған болса, күтім жасауда, алғашқы көмек көрсету мен ем-дом жасау да ерекше білімдерді талап етеді. Сондықтан мұндай бөбектермен айрықша дәрігерлер – реаниматология саласында дайындығы бар ­неонатолог дәрігерлер айналысады. Яғни жетілмей туған балалар айрықша жағдайларда күтімге алынады – ол үшін әлемнің бүкіл елдерінде мамандандырылған перинаталдық орталықтар жұмыс істейді. Олар ең кішкене және әлсіз нәрестелерді күтуге жағдай жасайтын арнайы аппараттармен және дәрі-дәрмектермен жабдықталған. Соңғы мәліметтер бойынша, Германияда жүктіліктің 25 аптасында туып қалған, салмағы 250 грамм ғана болатын бөбекті аман сақтап қалудың сәті түскен. Ресейде бүгінде 500-700 грамм салмақтағы нәрестелерді табысты түрде өсіріп, жетілдіруде. Мұндай жағдайлар біздің елде де орын алып, нәрестені аман-есен алып қалып жатқан білікті дәрігерлер баршылық.

Сыр елінде 832 сәби мерзімінен бұрын дүниеге келген
Қызылорда облысында 2022 жылы барлығы 17120 бала дүниеге келсе, оның 832-сі шала туылған. Ал өткен жылы 19642 баланың 898-і мерзімінен бұрын жарық дүниенің есігін ашқан. Бұл былтырғы жылға қарағанда аймақтағы шала туылған балалар санының төмендегендігін білдіреді.
– Өңірімізде шала туған нәрестелердің өмір сүру сапасын жоғарылату үшін барлық шаралар жасалуда. Қазіргі заман талабына сай облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мен мейірбикелері тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілігін жоғарылату мақсатында алыс-жақын шет елдерде оқытылды. Сонымен қатар дәрігер неонатологтар ішінен офтальмолог, невропатолог, кардиолог мамандары қайта даярланды. Өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында орталықта көптеген құрал-жабдықтар, атап айтсақ нәрестелерге емдік гипотермия жасауға арналған «TecoTherm Neo», көз көру қабілетін анықтайтын «Retcam Shuttel» аппаратары алынып, шала туылған нәрестелерді көктамыр ішілік тамақтандыруға арналған мөлшерлемелік аппарат – «компаундер» орнатылды. Шала туылған нәрестелердің өкпесін жетілдіру мақсатында сурфактант-орынбасушылық ем және инвазивті емес өкпені жасанды желдендіру емі нәтижелі қолданылуда, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит ­Пазылов.
Сонымен бірге жүрек және асқазан-ішек жолдарының туа біткен ақаулары бар нәрестелерді республикалық санавиация желісі арқылы Астана, ­Алматы қалаларындағы ғылыми-зерттеу орталықтарына аудару мәселесі жолға қойылғанын да тілге тиек етті. Айта кетейік, шала туылған нәрестенің дене салмағы экстремальды төмен болады, сол себепті алғашқы секундтан қамқорлық жасап, олардың дене жылуын сақтау маңызды екен.
Биыл «Балалар жылы» деп жарияланған болатын. Атаулы жыл да соңына таяды. Ал бұл жылға қойылған айдардың негізгі мақсаты балалардың денсаулығы, болашағы, білімін арттыру болатын. Сондықтан бала денсаулығына қатысты барлық өзгерістер мен оңды істер бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалған емес.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
21 қараша 2022 ж. 515 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031