Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күздің сыйы

Күздің сыйы

Сыр елінің қамбасына биыл картоп, көкөніс, бақша дақылдарынан 420 мың тонна астық жиналды. Күздік бидай дақылынан 10,2 мың тонна, жаздық бидайдан 4,2 мың тонна, жаздық арпадан 174 тонна өнім жиналса, Сыр салысының үлесі 78,6 мың гектарды құрап, әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алынды. Ала жаздайғы еңбектің еселеніп қайтар тұсы күз болса, облыстық «Алтын дән – 2022» мерекесі қарсаңында өткен жәрмеңкеде қала тұрғындары қыстың қамын қамдап үлгерді.
Молшылық мерекесі
Биыл Сыр диқандары мол астық жинады. Шаруалар жарты миллион тоннаға жуық астықты қамбаға құйды. Молшылықтың мезгілі саналатын күздің берер сыйы көп-ақ. Осыны ескерген аймақ басшысы Н.Нәлібаев ерте көктемде егіс егуге ынталы ауыл халқына 10-15 гектардан жер беруді тапсырғаны есімізде. Міне, соның игілігін бүгінде 6802 отбасы көріп отыр. Олар 1833 гектар жерге бақша өнімдерін егіп, жемісін жиып алды. Осындай толымды тірліктерді бір мезетке толықтырған облыс басшысы Н.Нәлібаев «Алтын дән – 2022» мерекесіндегі жәрмеңкені аралап, халықпен пікірлесті.
–Бүгін диқандар қауымы жерлестеріміз үшін 2000 тонна Сырдың дәмін ала келіп, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізді. Базар бағамынан 15-20 процент төмен бағада өнім ұсынған шаруалар жыл аяғына дейін әр апта сайын тұрақты түрде жәрмеңкелер ұйымдастыратын болады. Берекелі күздегі «Алтын дән» шарасын аламан бәйгемен қорытындыладық. Сәйгүлігін сайлап, бәйгеде бабын байқап, жүйрік атанған нар азаматтар ұлттық спортымызды тағы бір жаңғыртты. Берекелі ісіміз бен жұдырықтай жұмылған бірлігіміз арқылы адал еңбек етудің артықшылығын көрсеткен барша шаруаларға риясыз алғыс айтамын. Сыр елі өркендей берсін!, – деп облыс әкімі әлеуметтік желіде өз пікірін де білдірді.
Расында, жәрмеңкенің жағымды тұсы барлық тауарлардың өз бағасынан 15-20 процентке арзан ұсынылуында. Көптен күткен молшылық мерекесіне жиналған халықтың да қарасы қалың. Жалпы есеппен алғанда жәрмеңкеге ауылдардан 538 жүк көлігімен 2000 тоннаға жуық өнім жеткізілді.

Шиелінің картоп, жуасын сұрады
Шиелі топырағы таяқ тастасаң тал болатын құтты мекен. Әсіресе, ауданның агросаласында толымды тірлік көп. Оны жаз бойы тыным таппаған диқан еңбегінің нәтижесіне зер салғанда аңғардық. Биыл да көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбектенген шаруалар сенім үдесінен шыға білді. Халқымыз «Жер жомарт, жерге енген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт» деп тегін айтпаса керек-ті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде ауыл шаруашылығына ерекше мән беріп «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын.
Шиелі ауыл шаруашылығы саласында өз брендін қалыптастырған ауданның бірі. Оған облыста өткен жәрмеңкеде көзіміз жетті. Қала тұрғындары ұзын-сонар кезекте тұрып, Бестамның брендіне айналған тәтті картопты сұрады. Сондай-ақ, қауын-қарбыз, асқақбақты алушылардың да қатары көбейе түсті. Жылдағы дәстүрден жаңылмаған шиелілік диқандар 57 жүк көлігіне тиелген 161 тоннадан аса өнімді облыс орталығына жеткізді. Атап айтқанда, 20 тонна күріш, 30 тонна картоп, 10 тонна сәбіз бен 30 тонна пияз, 8 тонна қауын-қарбыз, 20 тонна асқабақ, 18 тонна жеміс-жидек, көкөністер, 5 тонна ет пен балық, 0,7 тонна сүт өнімін қала тұрғындарына ұсынды. Оған қоса, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы қалалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жәрмеңкенің сәтті өтуіне өзіндік үлесін қосты.
– Таңертеңмен жәрмеңкеге келдім. Баға базар нырқынан әлдеқайда арзанырақ. Мәселен, картоп, сәбіз, жуа сынды өнімдерді арзан бағада қап-қабымен алып үлгердім. Қазір нарықтағы баға күн сайын құбылып тұр. Сондықтан, қалтаға салмақ салмайтын жәрмеңкеде жергілікті өнімдерден көбірек алуға тырысудамыз. Ұйымдастырушылардың «Жәрмеңке әр сенбі өткізіліп тұрады» деген сөзі көңілге қуаныш ұялатты, – дейді қала тұрғыны Бақыт Жандарбекқызы.
Иә, қалтаны қақпайтын, шығынды ақтайтын жәрмеңке енді апта сайын өткізіліп тұрады. Бұл қыстың қамын жаз ойлайтын халық үшін, нарық бағасын тұрақтандыруға тырысқан үкімет үшін де тиімді, әрине. Ең бастысы – қарапайым халық та, өнімі өткен диқан да дән риза.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
18 қазан 2022 ж. 280 0