Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДАДАН ҚЫЗАНАҚ ПАСТАСЫ ШЫҒАДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДАН ҚЫЗАНАҚ ПАСТАСЫ ШЫҒАДЫ

Сыр өңірінде түрік компанияларымен бірлескен жобалар аясы кеңеюде. Екіжақты мүдделестік нәтижесінде аймақта жаңа өндіріс орындары мен нысандар салынбақ.
Облыс әкімінің шақыртуымен сенбі күні Қызылорда өңіріне Түркияның KOÇ Holding компаниясының өкілі Өзгур Бурак және отандық «Orbis Kazakhstan» компаниясының басшысы Сухраб Махмудов арнайы келді.
Облыс әкімінің міндетін атқарушы Мархабат Жайымбетов инвесторлармен бірге Жаңақорған ауданында қызанақ пастасын шығаратын зауыт мәселесін талқылады.
Облыс экономикасын әртараптандыру бағытындағы ірі жобаларды индустрияландыру бағдарламасы аясында «Қызылорда – Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы іске асырылуда.
Қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу мақсатында биылғы жылы Жаңақорған ауданында 30 гектар жер телімі белгіленді. Құны 13,5 млрд теңгені құрайтын жоба жылына 24 мың тонна томат пастасын дайындауға мүмкіндігі бар. Жобаны қос компания тең көлемде қаржыландырады. Зауыт іске қосылғанда 154 жұмыс орны ашылады. Өндіріс 2025 жылы толық жүзеге асады деп жоспарлануда.
Мархабат Жайымбетов зауыт салу мәселесіне қатысты әкімдік тарапынан қажетті қолдау шаралары жүргізілетінін айтып, бұл жобаның аймақ үшін маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында зауыттың құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында нысанның құрылысына инфрақұрылыммен жабдықтау жобалық-сметалық құжаттаманы жасау мәселелері талқыланды.
Әлемнің 13 елінде қызанақ өнімін өндірумен айналысатын түрік елінің «KOÇ Holding» компаниясымен бірлесіп, биылғы жылы тәжірибеден өткізу үшін тамшылатып суару арқылы 10 гектар жерге қызанақ дақылы егілді. Қызанақ егістігіне суармалы су Сырдария өзенінен 2 шақырым жерден су құбырымен насос қондырғылары арқылы қамтамасыз етілген.

«Өскен өңір» ақпарат
27 қыркүйек 2022 ж. 608 0