Сыр өнімі Елорданың төрінде

Бас қалада 2 күн қатарынан өткен жәрмеңкеге Қызылорда облысының ауыл шаруашылық өнімдері ұсынылды. Облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатады. Соның нәтижесінде өнімнің бағасы 10-20 процент төмен.
Жәрмеңкені қыздырған – Сыр өңірінің ақ маржаны мен Аралдың балығы. Мұндағы сары май, ірімшік, құрт, ет пен шұжық және көкөністер нарықтық бағадан 15-20 процен төмен саудаланды. Жалпы елордадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне облыстан 500 тоннадан астам өнім жеткізілген. Оның ішінде Шиелі ауданынан 110 тонна өнім жөнелтілген. Нақтылайтын болсақ, сыр маржаны 5 тонна, ал көкініс өнімдері 105 тонна.
Айта кетейік, облыстың 70-ке жуық шаруасы мен кәсіпкері Нұр-Сұлтанға 50 жүк көлігімен өнім жеткізді. Оған 30 түрлі тауар тиелген. Бұдан бөлек облыс тарапынан қайырымдылық қоры аясында жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды.
Қоса кеткен жөн, Сыр елінің ауыл шаруашылық өнімдері әлемнің 20 мемлекетіне экспортталады. Демек, өзгелер қызыққан сапалы әрі экологиялық таза өнімге сұраныс ұдайы жоғары болмақ.
Астана арена жанында өткен жәрмеңкеде сырбойылық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге келген елордалықтар дән риза.
Сұлушаш МАДИЯРОВА