Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспанасыз жанды жарылқайтын бастама

Баспанасыз жанды жарылқайтын бастама

Елімізде тұрғындардың баспаналы болуына бағытталған байыпты бастамалар баршылық. Себебі баспана – бүгінгі күннің бас­ты мәселесі. Әр қазақ үйлі болып, көңілінің жайланғанын қалайды. Сәйкесінше жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз армандарына қол жеткізіп жатқандар да аз емес. Бүгін сол туралы әңгімелесек.
Шиелі кентінің Береке мөлтек ауданынан құрылысы аяқталған 25 тұрғын үй ел игілігіне берілуге әзір. Шаршы метрі 120 мың теңгені құрайтын үйдің жалпы құны – 7 млн 788 мың теңге. «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағыты аясында «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ Қызылорда филиалы арқылы ипотекалық негізде сатылымға шығуда. Ақпарат үшін айта кетейік, өткен жылы «Отбасы банк» арқылы 82 252 қазақстандық баспаналы болған.
Бағдарлама талабына сәйкес үйді алуға ниетті азаматтарға қойылатын талаптар бар. Ең бірінші, Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Одан кейін жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға мұқтаж азамат мәртебесі, тұрақты айлық табысы болуы шарт. Жан басына шаққанда 10 АЕК-тен асуы тиіс. Алғашқы жарнасы үй құнының 20 процентін, яғни 1 557 600 теңгені құрайды. Несие 6 айдан 25 жылға дейінгі аралықта рәсімделеді. Жылдық өсімі 5 процент.
– Баспананы алатын жан ең алдымен жер кезегінде тұруы қажет. Ресми жұмыс өтілі соңғы алты айдан кем болмауы тиіс. 6 айлық табысы міндетті түрде есептеледі. Бүгінгі күнге дейін ипотекалық негізде 25 үй болған. Оның төртеуі «Шаңырақ» бағдарламасымен берілді. Ал қалған 21-і «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» бағдарламасымен сатылымға шығарылып, бүгінде 11 тұрғын үй өтті. Қалған 10-ы сатылым үстінде. Бірақ өкінішке қарай банктегі қаржы тапшылығына орай өтініш қабылдау уақытша тоқтап тұр, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы Жұмат Қалекеев.
Жасыл желекке оранған киелі Шиеліге қарасты Береке мөлтек ауданында қаз-қатар бой көтерген сәулетті үйлер алыстан көз тартып, көрікті елді мекеннің көркін одан сайын аша түсті. Ең бастысы халық баспанаға қол жеткізуге ниетті.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
06 қыркүйек 2022 ж. 584 0