Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспаналы болудың бағыты айқын

Баспаналы болудың бағыты айқын

Аудан халқы үй кезегіне тұрып, бас­панадан дәмелі болғанымен, біраз уақыт бойы өңірден мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үй салынбай келген. Биыл сол олқылықтың орны толғандай. Айтпағымыз – «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында кентке кіре берістен салынып жатқан көппәтерлі үйлер. Шілде айында ғана құны 104 млн 323 мың теңгені құрайтын үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталды. Бас мердігер – «СМП-Қызылорда» ЖШС. Келер жылдың соңына дейін мердігер компания «Жабдықтау» ЖШС арқылы дәл осындай үйдің төртеуі тұрғындарға табысталады деп жоспарланып отыр.
Тек көпқабатты ғана емес, кенттен жер үй салу да назардан тыс қалмады. Бүгінде Береке шағын ауданынан жалпы құны 233 млн 870 мың теңгені құрайтын 3 бөлмелі 25 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұған «СМП-Қызылорда» ЖШС компаниясы жауапты. Жергілікті әкімдік дәл осындай 3 бөлмелі пәтердің 34-ін Ақ орда шағын ауданынан соғуға ниетті. Жобасы өткен жылы әзірленіп, құрылысына қажетті қаржыға бюджеттік өтінім тапсырылған. Егер жоба мақұлданса, құрылыс та көп кешікпей басталуы керек.
Айта кетейік, жоғарыда аталған үйлер әкімдікке үй кезегіне тіркелген азаматтарға, соның ішінде алдымен көпбалалы, тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға реттілігі бойынша табысталады.

Тиімді бағдарлама – баспанаға бағыт
Қазіргі таңда баспаналы болғысы келетін қазақстандықтар әртүрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Соның ішінде баспанаға мұқтаж, төлем қабілеті бар азаматтарға үй сатып алу мүмкіндігін ұсынатын бағдарламалар да жетерлік. Әрқайсысының шарты, пайыздық мөлшерлемесі, қарызды өтеу мерзімі әртүрлі.
Мәселен, «7-20-25» – Қазақстан азаматтарына арналған әлеуметтік бағдарлама. Оның негізгі талаптары – 7 процент жылдық мөлшерлеме, бастапқы жарнаға кем дегенде 20 процент төлеу міндетті. Сондай-ақ үміткердің атында үй болмауы шарт, ал қарызды өтеу мерзімі – 25 жыл, одан бөлек ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша өтелмеген берешектің болмауы міндетті. Аталған бағдарлама арқылы тек жаңа үйлерден пәтер алуға болады. «7-20-25» тұрғын үй алуға арналған бағдарламасы 2018 жылы іске қосылды. Араға бір жыл салып «5-10-25» аталатын бағдарлама халыққа жол тартты. Ондағы басты ерекшелік – табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 күнкөріс деңгейінен аспауы қажет. Биыл ол 96 667 теңгеге тең. Сонымен қатар 5 процент жылдық мөлшерлеме, 20 процент бастапқы жарна, қарызды өтеу мерзімі – 25 жыл және үміткердің атында соңғы 5 жылда үй болмауы шарт. «5-10-25» бойынша әкімдік кезегінде тұрған әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері ипотека рәсімдей алады.
Одан өзге халықтың қалауы бойын­ша түрлі талаптарды­ қарастырған бағдарламалар аз емес. Мәселен, көпшіліктің көңілінен шыққан «Бас­пана хит» бағдарламасын алайық. Бұл – жаңа, сондай-ақ қолданыста болған тұрғын үйді де сатып алу үшін тиімді ипотекалық бағдарлама. Ерекшелігі – атыңызда үй болса да, қарыз рәсімдей аласыз. Бірақ ипотекалық берешегіңіз болмауы шарт. Бағдарлама арқылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында 25 млн теңгеге дейін, басқа аймақтарда 15 млн теңгеге дейінгі бағада үй сатып алуға мүмкіндік беріледі. Алатын үйіңіздің 20 процентін алғашқы жарна ретінде төлеп қоясыз, қалғанын 15 жыл бойы бөліп төлеуге болады.
Одан бөлек әкімдік кезегінде тұрған жандар ғана ипотека рәсімдей алатын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Бақытты отбасы» бағдарламасы да бар. Бұл арқылы көпбалалы, толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар баспанаға қол жеткізе алады.Ипотека рәсімдеушілерге Қазақстандағы ең төмен көрсеткіш – 2 процент жылдық мөлшерлеме ұсынылып отыр. Бастапқы жарна ретінде үй бағасының 10 процентін толтыру және отбасының табыс көзін растау міндетті. Сондай-ақ отбасы мүшелерінің атында басқа үй болмауы­ шарт. Қарызды өтеу мерзімі – 20 жыл. Соңғы 6 ай ішінде отбасының әр мүшесінің айлық табысы ең төменгі жалақыдан, яғни 42500 теңгеден артық болмауы керек.
Егер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» шотыңызда 500 мың теңге ақшаңыз болса, «Өз үйім» бағдарламасына қатысуға мүмкіндігіңіз бар. Қарызды өтеу мерзімі таңдап алынған қарыз түріне байланысты 6 айдан 25 жылға дейін созылады. Бағдарлама жаңа үйлерден пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс барысында үлескерлік әдіспен үй сатып алуға болады.
Бағдарлама шарттары 20 процент бастапқы жарна төлеу міндетті. Сондай-ақ салымшының атында үй бар-жоғы, үй сатып алынатын мекенде тіркеуде тұру маңызды емес. Бағдарламаға қатысушыларға 90 млн теңгеге дейін қарыз беріледі.
Одан өзге тек әскерилер ғана баспана алатын «Әскери баспана», балаларға арналған «Арнау» депозиттері де бар. тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне өзіңізге қажетті соманың 50 процентін жинап қалғанын несиеге рәсімдеп, үй сатып алуға, тұрғын үйге жөндеу жүргізуге, жер телімін сатып алуға да болады.
Банк жуырда ғана көпшілікке «Әйелдер ипотекасын» таныстырды. Осылайша 2020 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Орталық Азиядағы тұңғыш гендерлік ипотеканы енгізгелі отыр. Несиеге берілетін 38 млрд теңгені Азия даму банкі ұсынады. Мөлшерлеме көлемі 12 процент болады деп жоспарланып отыр.
Ипотека табысы төмен әйелдерге беріледі. «Әйелдер ипотекасы» бағдарламасы арқылы қарыз рәсімдеу үшін әйелдерге аталған банктен шот ашып, бастапқы жарнасын толтыруы қажет. Оның көлемі кіріс деңгейіне байланысты. Егер әйелдің кірісі 200 мың теңгеден аз болса, бастапқы жарна 15 процент, ал 200 мың теңгеден көп болса, бастапқы жарна 20 процент болады. Берілетін несиенің шекті сомасы – 30 млн теңге. Дегенмен бағдарлама нақты қай уақыттан жүзеге аса бастайтыны әзірге белгісіз.

Кәсіпкерлерге демеу керек
Соңғы жылдары кент ішінен халыққа арналған тұрғын үй салуға ниетті кәсіпкерлердің көбейгені көңіл қуантады. Олар бастапқыда үйді өз қаржысына соққанымен, кейіннен әкімдік арқылы, тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне өткізеді. Ал баспанаға қызығушылығы артқандар аталған банк ұсынған бағдарлама арқылы үйді ипотекаға алу мүмкіндігіне ие. Десе де ондайларға билік тарапынан қолдау аз. Мәселен, 10 не 20 тұрғын үй салу үшін аукцион арқылы кент ішінен жер телімін сатып алғанымен, оның құжаттарын рәсімдей алмай сандалып жүрген кәсіпкерлер бар. Осындайда өнеркәсіп, өндіріс салалары бойынша Шиеліден кәсіп ашушыларға көмек көрсетілгендей, тұрғын үй салғысы келетіндерге де жәрдем берілсе болар еді. Сонда аудан халқының үйсіз жүргендері үйлі болып, күйі де кірер.

Гүлхан ЯХИЯ
10 қараша 2020 ж. 514 0