«Нұрлы жер» – баспанаға бағыт
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, халықтың тұрғын үй мәселесін түпкілікті шешкен бірде-бір мемлекет жоқ. Ал, Қазақстанда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аталған мәселені шешуде кешенді шаралар қолға алынып жатыр.
Мәселен, соңғы 3 жылда еліміз бойынша 36,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 330 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлады. Осылайша бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үйді іске қосу көрсеткіші 0,71 шаршы метрге жетті. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш және дамыған елдер деңгейіне жақын.
Мәселен, соңғы 3 жылда еліміз бойынша 36,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 330 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлады. Осылайша бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үйді іске қосу көрсеткіші 0,71 шаршы метрге жетті. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш және дамыған елдер деңгейіне жақын.
«Нұрлы жер» бағдарламасының иілігін Шиелі халқы да көріп үлгерді. Аудан халқы үй кезегіне тұрып, баспанадан дәмелі болғанымен, біраз уақыт бойы өңірден мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үй салынбай келген еді. Былтыр сол олқылықтың орны толғандай. Айтпағымыз – «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында кентке кіре берістен салынып жатқан көппәтерлі үйлер. 2020 жылдың соңында ғана құны 104 млн 323 мың теңгені құрайтын үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталды. Облыс әкімі Г.Әбдіхалықованың қатысуымен аудан халқына үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйдің кілті табысталған болатын.
Тек көпқабатты ғана емес, кенттен жер үй салу да назардан тыс қалмады. Бүгінде Береке шағын ауданынан жалпы құны 233 млн 870 мың теңгені құрайтын 3 бөлмелі 25 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұған «СМП-Қызылорда» ЖШС компаниясы жауапты. Жергілікті әкімдік дәл осындай 3 бөлмелі пәтердің 34-ін Ақ орда шағын ауданынан соғуға ниетті. Айта кетейік, жоғарыда аталған үйлер әкімдікке үй кезегіне тіркелген азаматтарға, соның ішінде алдымен көпбалалы, тұрмысы төмен, мүмкіндігі шектеулі жандарға реттілігі бойынша берілуде.
Қазіргі таңда баспаналы болғысы келетін қазақстандықтар әртүрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Соның ішінде баспанаға мұқтаж, төлем қабілеті бар азаматтарға үй сатып алу мүмкіндігін ұсынатын бағдарламалар да жетерлік. Әрқайсысының шарты, пайыздық мөлшерлемесі, қарызды өтеу мерзімі әртүрлі.
Мәселен, «7-20-25» – Қазақстан азаматтарына арналған әлеуметтік бағдарлама. Оның негізгі талаптары – 7 процент жылдық мөлшерлеме, бастапқы жарнаға кем дегенде 20 процент төлеу міндетті. Сондай-ақ үміткердің атында үй болмауы шарт, ал қарызды өтеу мерзімі – 25 жыл, одан бөлек ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша өтелмеген берешектің болмауы міндетті. Аталған бағдарлама арқылы тек жаңа үйлерден пәтер алуға болады. «7-20-25» тұрғын үй алуға арналған бағдарламасы 2018 жылы іске қосылды. Араға бір жыл салып «5-10-25» аталатын бағдарлама халыққа жол тартты. Ондағы басты ерекшелік – табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 күнкөріс деңгейінен аспауы қажет. Сонымен қатар 5 процент жылдық мөлшерлеме, 20 процент бастапқы жарна, қарызды өтеу мерзімі – 25 жыл және үміткердің атында соңғы 5 жылда үй болмауы шарт. «5-10-25» бойынша әкімдік кезегінде тұрған әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері ипотека рәсімдей алады.
Бұл күнде баспана мәселесі баршаны алаңдатады. Үйі жоқтың күйі жоқ. Табысының аздығынан пәтер жалдап, туған-туысты жағалап күнелткен жан үйлі болса бақыттың көкесі осы емес пе?! «Нұрлы жер» бағдарламасының да діттегені осы – түрлі әлеуметтік топтардың тұрғын үйге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Ол бірнеше бағыттан тұрады.
Біріншіден, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік әлсіз топтарды жалға берілетін үйлермен қамту. Екіншіден, тұрақты жалақысы бар және бюджеттік сала қызметшілеріне құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспана беру. Үшіншіден, алғашқы жарна құюға мүмкіндігі бар азаматтарға екінші деңгейлі банктер арқылы мемлекет субсидиялаған кредитпен тұрғын үй алуды ұсыну. Сондай-ақ, азаматтарға мемлекеттік қолдаумен жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мүмкіндігін беру. Яғни, кез келген адам өз мүмкіндігіне сай тұрғын үй жағдайын жақсарта алады. Бағдарлама халықты жинақ жүйесінің артықшылықтарына, үй сатып алудың түрлі жолдарына, нарық талабына бейімдейді. Мемлекетке иек артпай, баспаналы болудың мүмкіндіктерін ұсынады.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ