МАРАПАТ ТӨРІНДЕГІ АРДАГЕР
Биыл судьялар мен сот қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін алғаш рет салтанатты түрде атап өтті. Себебі бұған дейін олардың жеке мерекесі болмаған еді. Жыл басында Үкіметтің қаулысымен 24 маусым – «Судья және сот қызметкерлері күні» болып бекітілді.
Бұл датаны кәсіби мереке ретінде қою идеясы да кездейсоқ шыққан жоқ. Себебі, осыдан 30 жыл бұрын дәл осы күні тәуелсіздік алғалы бері қолданыста болған «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бұл датаны кәсіби мереке ретінде қою идеясы да кездейсоқ шыққан жоқ. Себебі, осыдан 30 жыл бұрын дәл осы күні тәуелсіздік алғалы бері қолданыста болған «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Мереке қарсаңында сот саласында абыройлы еңбек етіп жүрген мамандар мен ардагерлерге құрмет көрсетілді. Марапат төрінен табылғандар қатарында сот жүйесінің ардагері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» – Тұрмат Баймағамбет те бар. Оған облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Ә.Шығамбаев құрмет грамотасы мен «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
– Бұл «Жаңа Қазақстан» деп жатқан кезімізде сот жүйесі үшін үлкен қуаныш деп есептеймін. Себебі егемендік алған 31 жылдың ішінде сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болған жоқ. Кеңес дәуірінде де мұндай мереке болған емес. Прокуратура күні, полиция күні бар. Бірақ сот қызметкерлері күні тойланған емес. Қазір «Әділетті Қазақстан» деп жатырмыз, бізде әділ сот жүйесі, әділ судьялар бар. Бұл мемлекетіміздің абыройы деп есептеймін. Осы мерекеге аман-есен жеткенімізге қуаныштымын. Еліміз қол жеткізген толайым табыстардың арасында сот құқықтық реформалардың да сәтімен жүргізілгенін атап өткен болар едім. Осы жылдары халықаралық стандарттарға сай сот жүйесі қалыптасты, – дейді марапат иесі.
Ардагер Тұрмат Сабекұлының бұған дейін де қаншама жылдық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бүгінде ол аудан бойынша «Үш би» құрмет белгісі мен «Судьялар одағының Құрметті мүшесі» медаліне ие болған жалғыз ардагер.
Кеше сот саласының ардагері Тұрмат Баймағамбет пен полиция ардагері Өркен Исмаил аудандық сот мекемесіне арнайы барып, ұжымды алғаш рет тойланып жатқан мерекемен құттықтады. Сот төрағасы Нұржан Бекетов, судьялар Жақсыгүл Сарбасова, Айдос Жолдыбаевтар ардагерлерге алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ