КОЛЛЕДЖДЕ ӨТКЕН МЕРЕКЕ
2018 жылдың 7 наурызы күні М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Ана – Отан, ана – өмір, ана – жыр!» атты әдеби-танымдық сазды мерекелік салтанатты шара болып өтті. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі мереке мазмұнына сай безендірілді. Мерекелік салтанат «Өмір – өзен» тақырыбындағы прологпен басталды. Мұнда балаларына қамқор ананың бейнесі, перзенттерінің өсу жолдары хореографиялық қойылымда айшықты нақышталды. Әйелдердің, аналардың, арулардың отбасындағы, қоғамдағы, ел дамуындағы рөлі жайлы колледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайлыбаев Бақытжан Әбдіхалықұлы жан-жақты мағлұматтары бар мазмұнды баяндама жасады. Салтанатты шарада шәкірттеріне білім мен тәрбие беруде жетістікке жеткен колледждің бір топ ұстаздары «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет Грамоталары», «Алғысымен», аймақ басшысының «Алғысымен» марапатталды. Марапаттарды «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Құттықожаев Ибадулла Дүйсенбайұлы табыстады. Сонымен қатар ұстаздарды облыстық білім басқармасының «Алғысымен» және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Құттықтауымен» облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қасымова Ақзира Бақтыбайқызы марапаттады. Мерекелік салтанаттың әсерлі сәттерінің бірі – 85 жастың төріне шыққан Сыр елінің ақиық ақыны Желдербаева Сәнімкүл, 75 жасқа келген Дүйсебаева Зейнеп, Өтегенова Мырзай, 70 жасқа толған Абдуғаппарова Рыскүл, Тоқмағамбетова Аякөз сынды колледждің ардагер ұстаздарына құрмет көрсетілді. Мазмұнды кеш соңы колледж өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты. Мерекелік концертте колледж әнші, бишілерімен қатар Қазанғап атындағы музыкалық колледж студенті Қойшығара Аружан, «Балбұлақ» халықтық үлгілі би ансамблі де өнер көрсетті. Салтанатты шара көрермендерге тамаша көңіл-күй сыйлады.