Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметшілер құрмет төрінде

Мемлекеттік қызметшілер құрмет төрінде

Бейсенбі күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде мемлекеттік қызметшілер күні кең көлемде аталып өтілді. Шараға аудан әкімі Н.Мақұлбеков пен орынбасарлары, дербес бөлім ­басшылары, сала мамандары мен ­ардагерлер қатысты.
Алдымен іс-шара шымылдығы мемлекеттік қызметшілер арасында өткен «Мемлекеттік қызметшілер жырлайды» атты айтыспен ашылды. Қазақы сөз сайысы қашанда қадірлі. Қара өлең қара домбырамен үйлескен тұста арқа қозып, рух атойлайтыны да содан болар. Аталған жыр бәйгесіне 5 жұп қатысты. Айтыс тізгінін белгілі ақын Ержан Әмір жүргізді. Әділ төрелігін анықтау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев, облыстың бас ақыны К.Жүсіп, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова және аудан әкімдігінің персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Қ.Артыққызының еншісінде болды. Залдағы көрерменнің қошеметінен кейін ортаға ауыл әкімдері, сала басшылары мен дербес бөлім мамандарынан құралған ақындар шықты. Көмейіне жыр толтырып, сөзден маржан терген ақындар жұптасып, әдемі айтыс көрсетті. Барлығы да өздерінің зерек, тапқыр әрі жоғары дәрежеде дайындықпен келгенін байқатты. Әсіресе қайны мен жеңге айтысын жасаған Хайдар мен Гүлбарам ә дегеннен жиналған жұртты керемет әсерге бөледі. Айтыстың шарты бойынша қатысушылардың тапқырлығы ескеріліп, шеберлігі сынға алынды. Нәтижесінде, бас жүлдені Ақтоған ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлбарам Жүзбаева мен Талаптан ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Хайдар Тәжиев жеңіп алды. Қалған қатысушылар І, ІІ, ІІІ орынды бөлісті. Айта кетейік, жыр додасына түскен ақындардың барлығына қаржылай сыйлық пен алғыс хат табысталды.
Салтанатты жиында сахна төріне көтерілген аудан әкімі Н.Әскербекұлы:
– Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату. Әрбір өркениет көшіне ілескен мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Дана халқымыз «Бірлігі мықты елдің, тірлігі құтты» болады деген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қоса беріңіздер. Алаштың арысы Әлиxан Бөкейxанов айтқандай, «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» демекші, білімді де, мінезді, қарапайым қалыптарыңызбен xалыққа қалтқысыз қызмет жасап, абырой биігінен көрініп, елдің ыстық ықыласына бөленіңіздер. Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы қызметте табыс, отбасына амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын, – деп мереке иелеріне деген ізгі лебізін жолдады. Әр қызметші өз кәсібін мақтан тұтып, өз еңбегі үшін лайықты марапатталып жатса, қай саланың болсын жұмысы жанданатыны сөзсіз.
Сөйтіп, жиынның келесі кезеңі осы саланың үздіктерін марапаттаумен айшықтала түсті. Елге еңбегі сіңген, өз істерінде үздік танылған қызметкерлерге ерекше құрмет көрсетілді.
Жалпы, жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметкерлердің саны – 200-ге жуық. Оның ішінде аудан әкімі аппаратында – 22, кент әкімдігінде – 14, ауылдық округ аппараттарында – 100, дербес бөлімдерде – 52 қызметкер бар. Осы қызметшілер мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының жауапкершілігін сезініп, маңыздылығына мән беріп, ең бастысы, қоғамның қозғаушы күші халыққа қызмет ету жолына түскенін зор жауапкершілікпен түйсінуі тиіс. Сонда ғана қарапайым халық олардың көріне бермейтін еңбегін бағалап, құрметтейді.

Ш.Тілеубаев
27 маусым 2022 ж. 450 0