Медицина мамандары марапатталған күн
Жұмырбасты әр пенде бес күндік ғұмырдың қызық-қуанышын көп көрсем, бала-шағамның ортасында ұзақ жүрсем деп тілейді, арман етеді. Айым оңынан туып, жұлдызым жарқырап, жайнап тұрса дейді. Әйтеуір, әрдайым осындай адами ізгі тілектің жетегінде болады. Сөйткен арманы мақсатына айналады. Алдына қойған мақсат-міндетіне жету үшін барлығына тәуекел етеді. Шыңға шығу жолында қанша қиындық кездессе де, мойымайды. Біздің ауданның медицина мамандары да «тәуекел» деп, тұрғындар үшін аянбай тер төгуде.
Өз ісінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, емхананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан олар әрқашан жайдары мінез танытып жүруден әсте жалыққан емес.
Өз ісінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, емхананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан олар әрқашан жайдары мінез танытып жүруден әсте жалыққан емес.
16 маусым күні аудандық Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға денсаулық сақтау саласының ардагерлері, дәрігерлер және тұрғындар мен қонақтар қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Нариман Мақұлбеков денсаулық сақтау саласының мамандарын мерекемен құттықтап, дәрігерлердің адам жанын арашалаудағы еселі еңбегін айта келіп, оларға алғаусыз алғыс білдірді.
– Отандық медицина саласының иығынан ешқашан ауыр жүк түскен емес. Әр адамның денсаулығын күзету аса жауапкершілікті жүктейді. Шартарапты шарпыған коронавирус індетімен күресте дәрігерлер уақытпен санаспай, ерекше қажыр-қайрат танытты. Сын сағатта мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдады. Осындай ортақ күш жұмылдырудың нәтижесінде індеттің беті қайтты.«Денсаулық – бірінші байлық» деп бекер айтылмаған. Осы сала жолында ана мен бала өмірін қорғау, мамандардың біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, озық технологиялар енгізу сияқты көптеген мәселе тұр. Барша ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Аймақ тұрғандарының денсаулығы жолында жасап жатқан еңбектеріңіз еселене берсін, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп жатқанын жеткізіп, сөз соңында ауданның бірқатар білікті дәрігерлерін марапаттады.
Одан соң Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмір сөз алып, әріптестерін мерекемен құттықтап, қиындығы мен қуанышы мол қызметте сәттілік тіледі. Салтанатты шарада аудан медицинасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген 80-ге жуық ақ желеңді абзал жан түрлі марапатқа ие болып, құрметке бөленді.
Атап айтар болсақ, «ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің» «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен психиатрия бөлімінің меңгерушісі Жансұлу Сандыбекова марапатталса, туберкулезге қарсы бөлімінің фтизиатр дәрігері Аэлита Добрынина «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісін тақты. Ал Болашақ дәрігерлік амбулаториясының Жалпы тәжірибелі дәрігері Дина Смаилова «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Мұнан бөлек ауданның бірқатар дәрігерлері Республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының атынан «Еңбек даңқы» орденімен, «Алтын дәрігер», «Ел құрметі» медальімен, аудан әкімдігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын алып, марапат төрінен көрінді. Салтанатты шара одан әрі аудан өнерпаздары дəрігерлердің еселі еңбегін айшықтайтын әуезді əндерімен жалғасын тауып, концерттік бағдарламаға ұласты.
P.S. «Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратын әрине, ол – денсаулық. Осы «олжаны» сізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін аудан ауруханасы мен онда қызмет ететін дәрігерлер дами берсін демекпіз.
Сұлушаш МАДИЯРОВА