Қайырымдылық қайырлы іс
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады». Осы тәмсілдің мән-мағынасын терең ұққан «Сауда көлік компаниясы ЖШС «СКК-Шиелі» филалы «Балалар жылы» аясында «Жүректен жүрекке» қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Шараға 6-шы Кен басқармасы директоры міндетін атқарушы О.Жұмабай, Иіркөл кенішінің бас энергетигі М.Медетбеков, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы А.Төлегеновтер қатысты.
Алдымен «СКК-Шиелі» филиал директоры Д.Досмағанбетов сөз алып, шараның шымылдығын ашып былай деді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай біздер де өз жоспарымызға бүлдіршіндерге арналған іс-шараларды енгіздік. Солардың қатарында ұжым үшін игі дәстүрге айналған қайырымдылық жәрмеңкесі біздің назардан тыс қалған емес. Осы орайда ерекше балаларға көңіл бөліп, оларға қуаныш сыйлауды мақсат еттік. Нәтижесінде көздерінен бақыттың ұшқынын көрсек бұдан артық ғанибетті іс болмас еді.
Расында филиал ұжымы қолдан келген көмегін көрсетіп, осындай ерекше балалардың қоғамда өздерін еркін сезінуі үшін барын салып, қуаныштары еселенді. Сонымен қатар жәрмеңкеге «СКК-Шиелі» ұжымының қызметкерлері қолөнер бұйымдарын, тағам өнімдерін және балаларға әртүрлі ойыншықтар сатылымға шығарды.
Шара соңында бүлдіршіндерге Д.Досмаганбетов қайырымдылық жәрмеңкесінде жиналған 350 мыңнан астам қаражат пен баланың ой-өрісін жетілдіріп, дамытуға көмектесетін ойыншықтарды Шиелі кентінде орналасқан 3-ші облыстық балалар оңалту орталығы өкілдеріне табыстады.
Ш.Тілеубаев