Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүректен жүрекке жеткен жылу

Жүректен жүрекке жеткен жылу

Қайырымдылық – жүректегі мейірімнің сәулесі. Яғни, біреуге көмек көрсету, қайырымдылық жасау – адам жанының ізгілігінен, рухани дүниесінің байлығынан, ішкі әлемінің жарықтығынан шығатын игі іс. Осыған орай жаңа жыл қарсаңында ­Алмалы ауы­лын­да №181 орта мектепте Нұрсұлу Райымбетованың ұйымдастыруымен «Жүректен-жүрекке» қайырымдылық шарасы өтті. Аталған шараға ауыл әкімі Әбілқасым Әбілдаұлы, ­арда­герлер кеңесінің төрағасы Рысбек Мұхтаров, мектеп директоры Светлана Кеңесқызы қатысты.
Шараның мақсаты – әлеуметтік көмек алуға құқығы бар аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылардың, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және басқа санаттағы балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау. Қайырымдылық шарасының алғы сөзін алған ауыл әкімі Әбілқасым Мәмбетов барша ауыл халқын жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Бүгін біз жаңа жыл мерекесі қарсаңында бүлдіршіндерге қуаныш сыйласақ деген ниетпен жиналып ­отырмыз. Бұл балалар мүмкіндігі шектеулі емес, алтын балалар. Алланың берген сыйлары. Ерекше қабілетті балалардың болашағынан зор үміт күтуге болады. Жаңа жыл қуаныш, бақ-береке алып келсін. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын, – деді ауыл әкімі.
Шараға бас-аяғы 26 бала шақырылды. Жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндер санаулы күндерден соң төрімізге шыққалы тұрған жаңа жылдың маңызын, мерекенің мәнін түсініп, барыс жылынан тек қана жақсылық күтетіндерін жеткізді. Өздеріне көңіл бөлген аға-әпкелеріне алғыстарын жаудырып, балалық ақ тілектерін айтты. Бұдан бөлек, музыка пәнінің мұғалімі Ақжұма Жұмашованың ұйымдастыруымен мүмкіндгі шектеулі бүлдіршіндер кеш қонақтарына көрініс қойып, ән шырқап, би билеп өз өнерлерін ортаға салды. Айта кеткен жөн, шараға Ақтау қаласының кәсіпкері Абзал Қалдыбаев, «Ақтілек» мейрамханасының иесі Ақайдан Қойшыбекова, Алмалы ауылдық округінің әкімі Әбілқасым Мәмбетов және мектеп түлектері Бекзат Әбдіғапаров, Алшағыр Түменов, Талант Зекеев, Орынбасар ­Балтаев, Жалғас Сапаралиев сынды азаматтар демеушілік жасады.
Ал, ата-аналар болса балаларға қуаныш сыйлаған азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырдырып, шығармашылық табыс тіледі. «Қуанса – бала қуансын». Бұл балалардың келешекте қоғамның қамқорлығын сезініп өсуіне, ер жетіп еңбекке жарағанда еліне қызмет етуіне жол ашады.

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
31 желтоқсан 2021 ж. 1 694 0