Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ОҚУШЫЛАР ҚАЙДА, ҚАЛАЙ ДЕМАЛАДЫ?

ОҚУШЫЛАР ҚАЙДА, ҚАЛАЙ ДЕМАЛАДЫ?

Оқу жылын аяқтаған оқушылардың бәрі де жаз мезгілін ойдағыдай өткізгісі келеді. Себебі жаз – санасын сабақтан арылтып, алаңсыз балалық шақтың аралында сайраңдайтын мерзім. Туған жердің көк майсасына аунап, суында толқындай тулап, құмына табан күйдіріп, желіне кекіл сүйдіріп, шексіз шаттық кешетін шақ осы.
Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Осы тұрғыда аудан оқушылары жазғы демалысында қайда және қалай демалады деген заңды сауал туындайды. Дана қазақ «жақсылық жасасаң, балаға жаса» деп тегін айтпаған ғой. Жазғы демалысын тиімді әрі қызықты өткізген баланың дені сау, көңілі көктем, ең бастысы сабаққа деген қызығушылығы да жоғары болмақ.
Ауданда 1-10 сынып аралығында 17889 бала бар. Аудандық білім бөлімі берген мәліметке сүйенсек олардың жартысынан көбі жазғы сауықтыру шараларымен қамтылған.
– Жаз мезгілінде көркейту, көгалдандыру топтарында 3 700 бала, құрылыс және жөндеу топтарында 2 810 бала, аулалық клубтарда 1 101 бала, экскурсиялар, жорықтарға 2 165 бала, жалпы 9 776 бала тартылады.
Аудандық «Сыр ұланы» лагерінде демалатын 700 балаға бюджеттен 14 507 мың теңге қаралса, тамағына 9 800 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ, мектеп жанындағы тамақсыз ұйымдастырылатын лагерде 13 864 бала, жалпы 14 564 бала жазғы демалыспен және сауықтыру жұмыстарымен қамтылады деп жоспарланған. Бұл жалпы аудан оқушыларының 81,4%-ін құрайды. Жазғы каникул кезінде мектептен тыс мекемелерде арнайы «Жайдарлы жаз-2022» атты бағдарлама бойынша 10 үйірме жұмыс жасауда, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Талғат Бөпежанов.
Байқасақ, біздің елде мектеп оқушыларының жазғы демалысын өткізуі үшін бағдарлама көп. Бірақ көше кезіп, смартфон мен көк жәшікке телміретін баланы жиі кездестіресің. Себебін айтқанда, әдемі естілетін бұл демалыс барлық балаға арналмаған.
Мәселен, республика бойынша 3,4 миллион оқушы болса, соның бір мыңнан астамы ғана тегін сауықтыру орталығына жолдама алады. Қалғаны қаражат болса, қосымшаға барады. Ата-анасының қалтасы көтермесе, төрт қабырғаға қамалады. Жолдама алғандардың демалысы ары кетсе 10 күнге созылады. Сонда жазғы демалыстың 80 күні балалардың бос сенделісімен өтеді деген сөз. Өкініштісі сол, баласының жазғы демалыстағы әр күнін мерекеге айналдырып, жаңа оқу жылына күш-қуат жинауына барлық ата-ананың мүмкіндігі жоқ.
Қалай болғанда да тоғыз ай біліммен сусындаған балалар үш ай демалысында денсаулығын нығайтып, білімін арттыруы керек. Танымы кең, арман-мақсаты биік ұрпақ тәрбиелеу қоғамдағы ең басты мәселе екенін естен шығармайық.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

10 маусым 2022 ж. 816 0