Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АНАЛАР БАСҚОСҚАН ШАРА

АНАЛАР БАСҚОСҚАН ШАРА

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында ардақты аналар мен ибалы келіндер басқосты.
Оған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов, облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Рахима ­Ахметова, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Лиза Сқақова, облыстық аналар кеңесінің орынбасыры, өзбек этномәдени бірлестік төрағасының орынбасары ­Манзура ­Абдугафарова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы П.Маханбет және аудандағы ардақты аналар мен ибалы келіндер қатысты. Басқосу «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында өтті.
Кездесуді ашқан аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ұлттық тәрбиеде аналардың рөлі басым екеніне тоқталды.
– «Отбасы – шағын мемлекет» десек, осы шағын мемлекеттер тәуелсіз мемлекетіміздің қымбат қазынасы азаматтарымызды тәрбиелейтін, олардың бойына адамгершілік, ізгілік, имандылық, патриоттық сияқты қасиеттерді сіңіретін ең негізгі институт. Адамзат баласының тыныс-тіршілігін, қоғамның даму барысын әйелдер қауымынсыз елестету де мүмкін емес. Расында, әлем елдерінің өз алдына ұлт болып ұйысуында, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуында қыз – келіншектердің, әйел – аналардың алар орны айрықша. Себебі әйел – отбасының ұйытқысы, ырысы мен жылуы ғана емес, ұрпақ тәрбиесінен өзге қоғамның кез келген саласында ашық пікір білдіріп, маңызды шешім қабылдауға араласатын маңызды тұлға екенін ескерген жөн, – деді ол.
Мұнан соң кездесуге арнайы келген облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Р.Ахметова сөз сөй­леп, отбасылық құндылықтар, бүгінгі ұрпақ тәрбиесінің жай-күйі туралы айтты.
–Тәуелсіздік алғалы бері отбасы беделін нығайту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Осы тұста, отбасылық саясаттан бөлек отбасылық құндылықтар деген бар. Оған халқымыздың тарихымен бірге қайнап, пісіп шыққан отбасылық дәстүрлер жатады. Соның негізінде ұр­пақ өнеге алатын тағылымды дүниелер жеткілікті. Уақытында жас Абай «Мен Сізден оздым әке, мені бүкіл қазақ таниды» дегенде әкесі Құнанбай «Менен оздым деу үшін алдымен Абайдай ұл тудырып ал» дегені ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнеге. Міне, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін қазақ қоғамындағы отбасылық құндылықтар бүгінде құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса шындық. Отбасылық кикіл­жіңдер салдарынан ажырасулар көбейді, ұрпақ тәрбиесінде смартфондар алдыңғы қатарға шығып кетті. Оның салдары қо­ғамға қауіпті. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» атты жарқын жобаны қолға алды, – деді Р.Ахметова.
Сөз кезегін алған «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Лиза Ноғайқызы «Ене – ардақты, келін – салмақты» тақырыбы аясында көпбалалы аналарға, анасынан жетім қалған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларға мейірім таныту турасында әңгіме өрбітсе, өзбек этномәдени бірлестік төрағасының орынбасары Манзура ­Мадкаримовна аналардың қоғамдағы рөліне тоқталды. Әрбір әйел-ананың отбасында еріне құрмет көрсетіп қадірлеу турасында өз ойын ортаға салды.
Шара барысында ауданда өнегелі істерімен үлгі көрсетіп жүрген Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаеваның келіні Айжан Серікбайқызы «Ел анасы» номинациямен марапатталды. Мұнан соң қазақ отбасының келіні орыс ұлтының өкілі Татьяна Нуштаеваға «Инабатты келін» номинациясы табысталды.
Шиелі аудандық аналар кеңесінің төрайымы Патима Шәймерденқызы, ардагер ұстаз Қалияш Дінқызы, Нәйла ­Палымбетовалар сөз сөйлеп, отбасы құндылығы, қоғам мен отбасы байланысы, әке мен ана рөлі төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ауданда ұлттық тәрбиеге қатысты үлгілі үрдістерді жаңғырту керектігін тілге тиек етті.
Кездесу қорытындысында аудандық аналар кеңесінің төрайымы П.Маханбет алдағы жоспарларымен бөлісіп, жас ұр­паққа тағылымды тәрбие беріп, ізгі дәс­түрлер сабақтастығын жалғастырып ке­ле жатқан ел аналарын бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Ш.Тілеубаев
10 маусым 2022 ж. 747 0