Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше атауы берілді

Көше атауы берілді

Бейсенбі күні соғыс және еңбек ардагері Әбдуәли Әлжановтың атына аудан орталығынан көше беріліп, есімі ұлықталды. Артында қалған ұрпақтары Құран бағыштап, батырдың ұмытылмас ерлік істерін елге жеткізді.
Әбдуәли Әлжанов – 1918 жылы Жөлек ауылында дүниеге келген. 1937 жылы Сарыағаш қаласындағы Зооветеринарлық техникумын бітіреді. Есейе келе колхоздың тыныс-тіршілігіне араласады. Одан соң Алматы қаласындағы туған ағасы Қойшыбай Әлжановтың тәрбиесінде болады. Алайда, ұлы майдан басталып, 1938 жылдың қазанында Алматы облысы, Қоғалы аудандық әскери комиссариаты арқылы соғыс даласына аттанады. Майданда жүріп бірнеше жерден ауыр жараланып, әскери госпитальде емделіп, қайта шайқасқа кіріседі. Жеңіс күнін жау жерінде тойлап, елге мүгедек болып оралады. Елге келген майдангер Шиелі жер бөлімінде зоотехник, бас зоотехник, 1956 жылдан бастап «Сырдария» совхозында зоотехник қызметтерін атқарады. Майдан даласындағы ерлігі ескерілген Ә.Әлжанов «Германияны жеңгені үшін» медальімен марапатталған.
Міне, ел мен жер үшін аянбаған батырдың ерлігі осылай көрінді. Батырдың бір ұлынан бүгінде немере-шөбере тарап, көбеюде. Көшенің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек ­Есмаханов сөз алып, ізгі ілтипатын білдірді. Батыр ұрпақтарының өнегелі ісіне алғыс айтып, соғыс даласында от пен оқтың, өмір мен өлімнің ортасында жүрген оғландар ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
Мұнан соң атақты күйші Тынысбек Дүйсебеков пен еңбек ардагері Өмірзақ Исаханов сөз алып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен майдангер туралы айтып, оның еңбек жолын дәріптеді. Халық алдында жасаған қызметін көпшілікке жеткізіп, ұрпағына рақметін білдірді. Батырдың жалғыз ұлы Жеңіс Әлжанов өнегелі іске мұрындық болған жақындарға лебізін жеткізіп, жастарға өнеге болатын істерге қашанда қолдау барын айтты.
Иә, ерлік ешқашан ұмытылмайды, әсіресе, кешегі қан майданда бүгінгі бейбіт күннің бірлігі үшін, жер үшін жан қиған боздақтар, батыр, жауынгерлер мәңгі ұрпақ жадында сақталары анық.

Ш.Тілеубаев
10 маусым 2022 ж. 807 0