Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа кітап оқырманға жол тартты

Жаңа кітап оқырманға жол тартты

5 мамыр күні жазушы, журналист-публицист, халықаралық «Алаш» және «Сорос-Қазақстан» сыйлықтарының иегері, бас-аяғы жиырмадан астам кітаптың авторы Қуандық Түменбайдың туған жері Шиелі өңірінде «Саябақтағы классикалық әуен» атты кітабының тұсаукесері өтті. Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жас­тар» театрының режиссері Оңталап Нұрмаханов, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алыста жүрсе де елін, туған жерін көзден таса қылмайтын, Шиелінің «Құрметті азаматы» атанған Қ.Түменбайдың «Саябақтағы классикалық әуен» хикаяттар мен әңгімелер жинағының тұсау кесер рәсімі аудандық мәдениет үйінде аталып өтті. Шараның шымылдығын ­аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ашып, мерей­той иесін құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Сөз өнерін ерекше кие тұтып, қастерлеген дана халқымыз өрелі ойларын шебер кестелеген ақын-жазушыға деген құрметін жоғалтқан емес. Осы тұрғыдан келгенде көкейінен түйдек-түйдек жыр жауһарларын, ой маржандарын ағытатын жазушыға ыстық ықылас-пейіл мен шынайы құрмет көрсетуді кісілік пен көрегенділікке баласақ қателесе қоймаспыз. Руханият әлемінде өзіндік орны бар жазушы, жерлесіміз Қуандық Түменбай қара сөздің қара нары. Жазушының есімі әдебиетсүйер қауымға кеңінен танымал. Қуандық Түменбайұлы бұрынғы «Қызыл Ту», қазіргі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері ­Ыбырай Жақаевтың атымен аталатын ауылда дүние есігін ашқан. Оның қаламынан туған шығармалары әрқашан елдің көңілінен шығып, оқырман қауымының жүрегенінен орын тауып келеді, – деді.
Одан кейін Қ.Түменбайдың «Саябақтағы классикалық әуен» хикаяттар мен әңгімелер жинағының тұсауын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил кесті. Артынша қабырғалы қаламгерге дәстүрге сай иығына шапан жапты. Тұлғалар тойынан тәбәрік ретінде «Ы.Жақаев-130» медалін ­омырауы­на қадады. Одан соң ауданның «Құрметті азаматы» Жұмабек Айтбай сөз сөйлеп, шығармашылық табыс тіледі.
Шара соңында А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жастар» театрының режиссері Оңталап Нұрмаханов қуаныш иесі Қуандық Түменбайдың «Екі бала, екі шал» атты спектаклін жиналған қауымға тарту етті.

Ш.Тілеубаев
11 мамыр 2022 ж. 641 0