Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада машина, смартфон шыныларын өндіретін зауыт салынады

Қызылордада машина, смартфон шыныларын өндіретін зауыт салынады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, осы жылдың маусымында импортты алмастырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы бекітіліп, өңірде зауыт салынбақ.
Жоба Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесе отырып, «Орда-Glass» ЖШС шыны зауыты базасында жүзеге асырылмақ. Онда автомобиль шынылары, шыны талшықтары, шыныдан жасалған ыдыстар, ыдыс-аяқ, терезе шынылары мен смартфондарға арналған жұқа шынылар, шыныдан дайындалатын бұйымдар өндірілетін болады. Жоба іске асырылса жұмыс орындары ашылып, шыны бұйымдарына деген ішкі сұраныс өтеледі, тиісінше бәсекелестік қалыптасып, баға төмендейді.
Ендігіде аталған зауыт құрылысы басталғанына бірнеше жыл болған, тұсауы былтыр кесіліп, әлі күнге дейін іске қосылмай тұрған шыны зауытының тағдырын қайталамаса деген тілегіміз бар. Өйткені өздеріңіз білетіндей «аймақта шыны зауыты іске қосылады» деп жүргенімізге бақандай 10 жыл болыпты. Құрылысы жүріп жатқан тұста оған бөлінген ірі көлемдегі ақшаны жымқырды деп, Қуандық Бишімбаев сотталып, тіпті ол бостандыққа шығып үлгерді. Алайда былтырғы жылдың желтоқсан айында сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен сол уақыттағы облыс әкімі Гүлшара Әбіқалықова пешін жаққан зауыт іске қосылмай отыр. Ал зауытты салуға тапсырыс берген компания өкілдерінің сөзінше, кәсіпорын жұмысын бастауға қыста дайын болған. «Күтпеген жерден техникалық ақаулар шығып, қыздыруға қажетті бөлшек істен шықты. Енді жаз айларында іске қосуды жос­парлап отырмыз», – дейді «Orda Glass LTD» ЖШС төрағасының орынбасары Ержан Сағынбаев.

Рамазан ӘНӘПИЯ
29 сәуір 2022 ж. 597 0