Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 1200 көшет отырғызылды

1200 көшет отырғызылды

Көктем айы келгенде елімізде жыл сайынғы дәстүрмен түрлі акциялар аясында 10-нан астам сенбілік өткізіліп тұрады. Бұл үрдістен Қызылорда облысы да құр қалмай жыл сайын көшелерді тазартып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына кіріседі.
Дегенмен биыл қызылордалықтардың тазалыққа деген ұмтылысы ерекше. Апта ­сайын бүкіл мемлекеттік мекемелер мен аудандық, ауылдық округ әкімдіктері тегіс сенбілік өткізіп, бұл істерін әлеуметтік желіге салып әлек. Ал тазалыққа деген мұншама ұмтылыстың неден туындағаны айтпаса да түсінікті. Бала кезімізде қасқырды дала санитары деп оқыған біз үшін, бүгінде бұл сөз мүлде басқа мәнге ие. Солай болғаны да дұрыс шығар. Тақырыптан ауытқымай сенбілікке оралайық.
Бұл жолғы сенбілік «Бір тал кессең, он тал ек» атты ағаш отырғызу акциясы аясында өткізілді. Нақтырақ айтсақ, аспалы көпірдің бір бетіне еріктілер көшет отырғызса, екінші бетіне аудан әкімдігі мен орман және жануар­лар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі бірлесе отырып 1200 дана терек көшетін отырғызды. Ендігі үміт кент әкімдігінде. Көшеттер тамыр жайғанша күтіміне ден қойып, судан қыспаса терек аздаған уақыттың ішінде-ақ жасыл желекке айналары сөзсіз.

«Өскен өңір» ақпарат
18 сәуір 2022 ж. 782 0